RU

Заңгер: Күйеу жігіт сот арқылы қалыңдыққа төлеген қалымын қайтарып алуға құқылы

Танымал қазақстандық заңгер Жангелді Сүлеймановтың айтуынша, қалыңдыққа берілген қалымды күйеу жігіттің сот арқылы қайтаруға талап ететіндей құқы бар. Қорғаушы қалым төленгенін растай алатын дәлелдер тізімін жария етті.

Сүлейманов қалым туралы жазбасын өз Facebook парақшасына жариялаған. Ол дәстүрде қалыңдыққа қалым төлеу қалыпты жағдай екенін айтуда.

«Дәстүрлі некеде құда түсу мен қалым төлеу - қалыпты жағдайлар. Жастардың ата-аналары қалым мөлшері мен төленіп бітуі тиіс мерзімді анықтайды. Дәстүрлі қоғамда қалымды бойжеткендер өзін кемсіту, саудаға салу деп қарастырмаған», - дейді заңгер.

Ол бұрынғы кездері қалымды қайтаруды талап етудің де орын алғандығын еске салды.

«Қыздың пәктігі дәстүрлі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Күйеу жігіт алғашқы неке түнінде қыздың пәк еместігіне көз жеткізсе, қалымды қайтаруды талап етуге және әйелден бас тартып, кері қайтаруға құқылы болатын. Кей кездері күйеу жігіт бойжеткеннің әкесінен не қалымды қайтаруды, не өзге құда түспеген қызына үйленуге келісім беруін талап ететін», - дейді Сүлейманов.

Ол мұндай мәселелер айқай-шусыз шешіліп, болмаған жағдайда билер сотымен қарастырылғанын айтуда.

«1927 жылы әжем үшін 47 бас ірі қара мал қалым ретінде төленді. Түсінгенім бойынша, бұл 47 жылқы мен түйе болған. Қалым - ешқандай құжатсыз ауызша жасалатын келісім. Егер қалымды алған қалыңдық тұрмысқа шығудан бас тартса, күйеу жігіт  қалымды қайтаруды талап етіп, сотқа жүгіне алады. Бұл жағдайда сотта дәлел ретінде күйеу жігіт пен қалыңдықтың және олардың жақындарының сөздері, қалымды беру сәтінің видеосы мен фотосы, смс пен почта жазбалары, уатсап, дүкен чектері мен банктердің құжаттары пайдалануы мүмкін», - дейді заңгер.

Оның ойынша, бұл дәлелдер  істі жеңуге мүмкіндік береді. Сүлейманов ең дұрысы қалымды бермес бұрын жазбаша келісімшарт жасасу керек деп санайды.

Айта кетерлігі, бойжеткендердің қалымды алғаннан кейін, тұрмысқа шығудан бас тартып, алған қаражатты қалтасына басқан жағдайлар Қазақстанда жиі көрініске айналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/876698-zanhger-kuyeu-zhigit-sot-arqyly-qalynhdy.html