RU

АИ-92 маркалы жанар-жағармайдың бағасы еркімен жіберілетін болды

Қазақстан үкіметі АИ-92 маркалы жанар-жағармайдың бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы 4 қыркүйекте өткен ОКҚ брифингінде хабарланды.

"Үкімет елдің жанар-жағармай нарығындағы тапшылықтың алдын алу мақсатында АИ-92 маркалы жағармайдың бағасын мемлекеттік реттеу саласынан шығару бойынша шешім қабылдады", - деп бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың сөзін келтірді inform.kz.

«Бағаның көтерілу шегі қандай боларын (бензиннің) әрине, ешкім болжай алмайды. Бәлкім 140-150, не болмаса 142-143-тің төңірегінде болар... Бастапқыда қандай да бір дүрбелең туындауы әбден мүмкін, бірақ бұл жағдай көп ұзамай түзеледі деп күтеміз... Үкімет мұны теріс пайдаланып, пайдаға кенелгісі келетіндердің жолын кесетін болады», - деп қосты Қазақстанның энергетика министрі Владимир Школьник.

Ағымдағы жылдың мамыр айының соңында Энергетика министрлігі бағаларды мемлекеттік реттеудің шегін қосымша құн салығын қоса есептегенде келесі мөлшерде қойған болатын:

Дизельдік жанармай - литріне 99 теңге;

АИ-80 — литріне 89 теңге;

АИ-92/93 - литріне 108 теңге.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/878980-ai-92-markili-zhanar-zhagharmaydynh-baghasy.html