RU

Өзіне қол салған қостанайлық оқушының соңғы хабарламасы табылды

Қостанай облысында өзіне қол салған оқушының досы жеткіншектің бұл қадамға жалғызсырағаннан барғанына сенімді. Бұл туралы ол NUR.KZ тілшісімен сөйлескен кезінде мәлімдеді.

Еске салсақ, 15 жастағы Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Костя Сидякин қаңыраған көпқабатты үйдің төбесінен секіріп, өзіне қол салған болатын. Өзіне қол салмастан 10 күн бұрын ол Вконтакте желісіндегі парақшасында уақытты кері санай бастаған. Ол тіпті өзінің секіретін жерін де суретке түсіріп, желіге жариялаған еді.

Костяның досы Юлия Землянская жеткіншекті мұндай қадамға жалғыздық пен достарының келеке етуі итермелегеніне сенімді. Ол Константин Сидякинмен көрші сыныпта оқыған. Алайда өткен жылғы оқу аяқталғанда, отбасымен Ресейге көшіп кеткен.

Юлия Костямен араласып жүргенде оның жалғызсыраған күйде екенін сезген.

«Оның достары да, таныстары да болды... Алайда уақыт өте келе Костяға бәрі назар аударуын қойды... Балағаттап, тіл тигізе бастады... Бәрі оны келеке етті... Осы өлімге итермелей бастады... Барлығы оның бұлай істемейтініне сенімді болды. Достары кері санақ жүргізе бастағанда оны тоқтата алар еді... Алайда оларға бәрібір болды» - деп жазды Юлия Землянская.

Юлия Костяның қарапайым, тәрбиелі бала болғанын айтуда. Оның компьютер ойындары мен «анимені» ұнатқаны өлімге себеп болуы екіталай деп санайды досы.

«Маған бұл сандар не екенін айтса, мен оны тоқтатар едім. Ол жалғызсыраған сәтте ештеңеден қорықпай, өзіне қол салардай күйге жеткен. Өлімінің себебі - жалғыздық» - дейді Юлия.

Костя қайтыс болмастан бірнеше сағат бұрын Юлиямен сөйлескен екен. Ол досына өз фотосын жіберіп, астына «арманыма жол тарттым» деген сөздер жазған.

Қаза тапқан оқушының құрдастары да өз парақшаларында уақытты кері қарай санай бастаған. 14 жастағы Виктория Гаевская «ахаха 12 күн» деп жазса, Кира Боякова «өзіме қол жұмсауыма 45 күн қалды» деп жазған.

Ескере кететін бір жайт, жасөспірімдердің барлығы да аниме жанкүйерлерінің тобына тіркеліпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/879097-ozine-qol-salghan-qostanaylyq-oqushyny.html