RU

Школьник: Егін орағы науқаны арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етіледі

Егін егу мен егін орағы науқаны толықтай арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етіледі.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында  Энергетика министрі Владимир Школьник мәлім етті.

«Аи-92 бензинінен өзге мұнай өнімдері нарығында жағдай қалыпты. Дизель отынының қоры 300 мың тоннадан астам. Егін егу және егін орағы отынмен артығымен қамтылды. Арзандатылған бағамен дизель отыны ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дер кезінде жеткізіліп жатыр», - деді министр.

Мұнымен қоса ол қыс мерзіміне дайындық жоспар бойынша жүріп жатқандығын, коммуналдық қажеттіліктер үшін мазут жеткілікті көлемде тасымалданып отырғандығын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, үкімет Аи-92/93 бензині бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартты. Қазақстан бұрындары Ресейден жетпейтін бензинді 97 теңгеден алған еді, яғни 1 рубль - 2,95 теңге бағамы бойынша. Бүгінде теңгенің еркін бағамы аясында бензин 120  теңгеден сатып алынып, 108 теңгеден сатылуда.

«Сәйкесінше, шығынмен ешкім де жұмыс істегісі келмейді. Егер осылай жалғасса, жақын арада, қыркүйектің аяғына қарай бензин тапшылығы туындайды», - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

«Аи-80 бензині мен дизельдік отынға бағалар сақталады, яғни бізде отынның бұл түрі артығымен бар. Атап айтқанда, елімізде Аи-80 бензині мен дизельдік отын жеткілікті көлемде шығарылып жатыр. Бұл тұрғыда проблема жоқ», - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/879167-shkolnik-egin-oraghy-nauqany-arzandat.html