RU

Қазақстандағы халыққа қызмет көрсету орталықтары қайтадан ұйымдастырылады

Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтары базасында «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары.

Бұл туралы мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлімдеді.

«ХҚКО-лар өтінімдер қабылдау және нәтижелерін беруді ғана жүзеге асыра отырып, тек фронт-кеңсе қызметтерін көрсетуде. Әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу қызметтерін көрсететін басты РМК-ларды қосу арқылы «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру тек қана өтінімдерді қабылдап қана қоймай, сонымен бірге оларды өңдеу жұмыстарын да орындауға мүмкіндік береді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының оң тәжірибесін ескере отырып, бірыңғай провайдерді «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы» РМК,  «Жылжымайтын мүлік орталығы», РМК және «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМК-ні қосыу арқылы ХҚКО-лар базасында құру ұсынылады», — деді Сәрсенов заң жобасын таныстыра отырып.

Оның атап өтуінше, заң жобасы «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұғымын заң жүзінде бекітуді, сондай-ақ «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы» РМК,  «Жылжымайтын мүлік орталығы», РМК және «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМК көрсеткен мемлекеттік қызметтерді мемлекеттік корпорацияның  көрсетуін, мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін жетілдіруді, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыруды көздейді.

«Қазақстан азаматтары мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады. Заң жобасы халықаралық тәжірибе, оның ішінде Канада тәжірибесі негізінде әзірленді. Canada Service бірыңғай провайдері мемлекеттік қызметтердің толық циклін көрсету қағидаты бойынша жұмыс істейді, яғни құжаттарды қабылдау, өңдеу және беруді ұйымның өзі жүзеге асырады», — деп қорытындылады вице-министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/882255-qazaqstandaghy-khalyqqa-qyzmet-korset.html