RU

Алматылық ұстаздарды ата-аналардың қалтасының "қалыңдығы" қызықтырды

Алматының көптеген мектептерінде оқу жылының басында оқушылардың ата-аналары «отбасының әлеуметтік паспорты» деп аталатын оғаш сауалнамалар толтыртуда. Онда байланыс мәліметтерінен бөлек, тұрмыс жағдайы, тіпті әр отбасы мүшесінің  жалақы мөлшері де сұралған.

Бұл туралы «Радиоточкаға» сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Ерікті түрде толтырылатын бұл сауалнаманы ата-аналарға толтыруға мәжбүрлеуде. Ата-аналар мұғалімдермен жанжалдаспас үшін оны амалсыз толтырып жатыр.

Сауалнама ата-аналардың қаржылық жағдайын анықтауға да бағытталғаны байқалады.

Сауалдарға жауап беру барасыныда ата-аналар өздерін жағдайы жоғары немесе жағдайы төмен отбасыларға жатқызуы тиіс.

Кей сұрақтарды тіптен мәдениеттілікке жатқыза алмайсың: «Отбасының қаржылық жағдайы: жоғары, орташа, орташадан төмен (тиістісінің астын сызу керек). Отбасы мүшелерінің табысы. Тұрмыстық жағдайы (үй, пәтер) – жалпы ауданы, пәтерлер саны».

Мұндай «әлеуметтік паспорт» сауалнамаларын жүргізудің заңға қаншалықты сай келетініне байланысты қазақстандық заңгер Жангелді Сүлейманов жауап берді. Заңгер бұл сауалнамалар қай заңнамаға негізделе отырып құрылғанын және оның нәтижелері кімге қажет болғанын түсінбейтінін айтуда.

«Ақапаратты қорғау мәселесі бұл жағдайда алдыңғы қатарға шығады. Бұл орайда Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтері Конституциямен қорғалатынын айта кеткен жөн. Бұдан өзге 2013 жылы «Жеке мәліметтер мен оны қорғау» туралы арнайы заң шыққан. Бесінші бабында «жеке мәліметтерді жинау, өңдеу және қорғаудың өз қағидалары келтірілген. Оған сәйкес, азаматтың конституциялық құқықтары мен еркіндігі сақталуы тиіс және жеке мәліметтерді құпия сақтау құқығын бұзуға болмайды». Бұл мәліметтердің нормативтік актілерге сәйкес құпия сақталуына мектептер кепілдік бере ала ма?» - дейді заңгер.

Оның ойынша, ата-аналар оны толтыруға міндетті емес. Ол сауалнамадағы бірталай сұрақтар Конституцияда құпия мәліметтер қатарына жатқызылғанын алға тартты.

«Тұрмыс жағдайының деңгейіне қатысты сұрақтар баланың да құқықтарына нұқсан келтіреді. Ол сауалнамадан өз отбасының тұрмыс жағдайы нашар екенін білгенде өзін қалай сезінеді деп ойлайсыз? Бұл заң тұрғысынан өзге мәдениет тұрғысынан да ақылға қонымсыз сұрақ!» - дейді Сүлейманов.

Алматы қаласының білім беру басқармасы сауалнамаға қатысты жедел түрде түсініктеме берді.

«Иә, ата-аналар әлеуметтік паспортты толтыруда. Бірақ ол жаппай таратылудың орнына тек Жалпыға міндетті оқу қорынан бөлінетін көмекке зәру отбасыларға ғана берілуі тиіс болатын», - деп түсіндірді басқарма.

Шенеуніктер мұндай мәліметтерді жинау 2008 жылғы №64 және 2012 жылғы №255 үкімет қаулысымен реттелгенін алға тартты.

Олар мектеп қызметкерлерінің бұл тапсырманы шектен тыс орындап, өздеріне қажет ақпарат жинау үшін сауалнаманы барлығына таратуы мүмкін екенін де жасырмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/883508-almatyda-oqushylardynh-ata-analarynan.html