RU

Қазақстанның кейбір аймақтарында қант тапшылығы: саудагерлер дабыл қағуда

Еліміздің солтүстігінде қант тапшылығы туындап, саудагерлердің өздері дабыл қағып отыр. Ал көтерме бағамен саудалайтын базарлардағы баға 195 теңгеге көтерілсе,  үлкен сауда дүкендерінде қант мөлшеріне шектеу қойылды.

Шекерге деген сұраныс базардағы сауда орындарында ерекше байқалады. Қанттың бір келісінің құны әр жерде 190 мен 195 теңгеге саудаланып жатыр.  Сатушылардың сөзінше, бұған себеп, соңғы бірнеше аптада қант көлемінің шектеулі мөлшерде ғана жеткізілуінде екен.

"Қант жоқ бізде. Қант орталығы бізге тасымалдамайды. Міне соңғысын сатып тұрмын", - дейді Юлия есімді сатушы.

Қала тұрғындары да шекер бағасының соңғы уақытта шарықтап кеткенін байқадық дейді. Сөздерінше, саудагерлер қантты сатып алу құнының жоғарылағанымен түсіндірген.

"Қанттың бағасы өте қымбат. 190 теңгеден", - дейді олар.

Ал кейбір алып сауда дүкендерінде қазіргі күні қанттың шектеулі көлемін ғана сатады. Бағасы арзанырақ болғанымен адам басына екі келіден артық бермейді.

"Бізге шекерді белгілікті мөлшерін ғана береді. Қанттың жағдайы тұрақтанбай тұр", - дейді супермаркет директорының орынбасары Юлия Голубенко.

Дегенмен, ақ жағалылар қанттың  бағасы  тұрақты екенін айтып, тұрғындарға абыржуға негіз жоқ дейді. Айтуларынша, өңірімізді қантпен қамтамасыз ететін үш кәсіпорында да шекер жеткілікті мөлшерде бар екен.

Тұрғындар мен сатушылардың шағымына қарамастан шенеуніктер өңірімізді қантпен қамтамасыз ете алатын жағдай бар деп ағынан жарылды. Жақын күндері еліміздің шығысынан облысқа қанттың тағы белгілі  мөлшері жеткізіледі деген ақ жағалылар,нәтижесінде баға тұрақтанады деп сендіріп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/883813-qazaqstannynh-keybir-aymaqtarynda-qa.html