RU

Сергей Зверев қала күні мерекесінде Өскеменнен шақырту келмегеніне ренжіп қалды

Өскеменде балалық шағы өткен ресейлік шоу-бизнес жұлдызы Сергей Зверев туған жерінен шақырту алмағанына ренжулі.

Бұл туралы YK-news.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Әртіс әрі стилист өзін шенеуніктер қара тізімге енгізіп қойған деп санайды.

Оның ойынша, туған жерінде өнері сол үшін лайықты бағасын таппай келуде. Қала күні қарсаңында Сергей туған қаласын сағынып, түсінде жиі көріп жүргенін мойындады.

«Өскеменде болмағаныма 20 жыл өткен шығар. Болуым да екіталай. Поп-жұлдыз болып танылғаныма 12 жыл болды. Сол аралықта кім ол жерде өнер көрсетпеді? Менен басқа кез келген жұлдыз шақырылды. Мені қара тізімге кіргізіп қойған деп санаймын. Әсіресе қала күні сияқты айтарлықтай мерекеге шақырмағанына ренжулімін. Тағы да шақырмай қойғандарына, әрине көңілім түсті. Мен қуана келіп, өнерімді ортаға салар едім. Себебі менің барлық хиттерімді өскемендік жанкүйерлер жатқа біледі. Менің туған қаламда жанкүйерлерім көп. Одан өзге жерлерде де жетерлік. Сән әлемінде мен шеберлік сағаттарын Өскеменнен өзге барлық жерлерде өткіздім. Менің өнерімді керек қылмаған азын-аулақ қалалардың бірі Өскемен шығар... Ал мен туған қаламның сән әлемін өркендетуге айтарлықтай үлес қоса алар едім!», - деп назын білдірді Зверев.

Шоу-бизнестегі зор жетістіктеріне қарамастан, Сергей туған қаласын сағынатынын айтуда.

«Маған бір түс жиі кіреді. Түсімде қайтадан бала кезімдегі Жаңа Соградағы кішкентай пәтерімізде жүремін. Сол уақыт мен үшін өте бақытты кезең болғандықтан түсіме жиі енетін болуы керек. Бұл қала маған көп жақсылықтар жасады. Осында 10 жыл оқып, білім алдым. №13 техникалық училищені бітірдім. Бұрынғы атауы сондай еді. Ал қазір КСРО-дағыдай білім орындары қалмады. Екі жыл оқып, білікті маман атандым. Менің дарынымды байқап, Алматыға шақырды. Түрлі байқауларға қатыстым. Менің деңгейімдегі шеберлер әлем бойынша гауһар тастардай аз. Біз өте азбыз. Өскеменде осындай гауһар тас табылып, оны бүкіл әлем мойындады. Менің сән әлемінде үздік екенімді барлық әлем мойындады. Мен Еуропаның абсолютті чемпионымын, әлем чемпионымын, сән әлемінде аты аңызға айналған адаммын. «Овация» ұлттық жүлдесінің бес дүркін иегерімін. Киев мемлекеттік мәдениет университетінің құрметті профессорымын. Мен мысалға не себепті Өскеменнің құрметті профессоры емеспін?» - дейді Сергей.

Қала күні қарсаңында әртіс жерлестеріне жылы сәлемін жолдады.

«Барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын. Туған күніңмен, Өскемен! Барлық тұрғындарға денсаулық, бақыт, сұлулық тілеймін! Көптеген қалаларды аралап жүрмін, олардың арасында жайлысы да, жайлы емесі де бар. Бірақ таза, жинақы әрі әдемі Өскемен барлық қалаларға үлгі бола алады. Оның тұрғындары қашан да сәнді, шығармашылыққа жақын адамдар болатын. Балалар үйіне, онкологиялық орталықтарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, ауған соғысы ардагерлеріне көмектесіп жүруді ұмытпаңыздар. Қашан да жүрегімде сақтап жүрген менің әріптестерім мен әскердегі қызметтестеріме сәлем жолдағым келеді. Қашан да сендерді құрмет тұтатын, Сергей Зверев», – деп сөзін түйіндеді Зверев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/883919-sergey-zverev-oskemennen-shaqyrtu-kel.html