RU

Жезөкшелікпен айналысатын жігіт бұл жолға қалай түскенін айтып берді

Осы кәсіпті нәсіп еткен ер-азаматтардың сөзінше бизнестің басында тұрғанның басым көпшілігі Ресейден келген пысықайлар. NUR.KZ тілшісі үш жылдық тәжірибесі бар тәнін сатушы жігітпен ашық сұхбат жүргізіп, еркек жезөкшелердің табысы мен намысын біліп көрген еді.

Шын есімі -Арман. Бірақ клиенттерінің арасында «Армани» деген лақап атпен жүреді. Қазір қаладағы жеке компанияның бірінде програмист қызметін атқарып жүр. Айлығы - тоқсан мың теңге - екі бауырымен бірге тұратын пәтер ақысына кетеді. Жиырма жеті жастағы Батыс Қазақстан облысының тумасы бұл кәсіпке ойда жоқта келгенін айтады.

- Клубта пиво ішіп отырғам. Қасыма қымбат киінген орыс жігіт келіп, виски неге ішпейсің деп сұрады. Мен оған ақшам жоқ деп едім. Маған қалай оңай пайда табуды білмейді екенсің. Түрің болса әп-әдемі деді. Мен оны басында көгілдір ма деп ойлап қалдым. Ол маған өзінің байланыс нөмірін қалдырып, сен нағыз стриптиз-шоудың жұлдызысың, ақша керек болса хабарлас деді. Мен мән берген жоқпын. Артынша пәтер жалдауға ақша таппай қиналып, сол Игорьға хабарластым. Ол маған бір ай ішінде стриптиз билеуді үйретті, тіпті пайда әкелмесем де қолыма 50 мың теңге берді. Басында он бір жігіт болып, жабық кештерде стриптиз көрсеттік. Бірақ би кезінде ақша шашып, аяққа жармасқан қыз-келіншектер көп болды. Басында соны місе тұттым. Кейін қасымдағы жігіттен жеке тапсырыстарға барып, олжалы оралғанын көрдім. Бір кеш бойы тоқтамай билеп жүргенде 5000 алсақ, олар сағатына 15 000 мың теңге табады. Осылайша Игорь арқылы алғашқы клиентке барып, ақша таптым.

- Қанша алдыңыз?

- Ой, білмеймін. Қатты намыстанып, арақты көп ішіп, мас болып барып, мас боп қайттым. Бірақ жарты ақшаны Игорь алып қойды.

- Неге?

- Енді ол клиент табады ғой. Сол үшін.

- Жалпы табыс жақсы ма?

- Әрқалай. Кейде айына 150-200 мыңға дейін табам. Кейде 50 мың.

- Әр әйелден қанша аласыз?

- Тапсырысқа байланысты, бір сағаттық ләззат алу 15 мың, таңға дейін бірге болу керек болса 50 мың. Ал, ресторан саунаға баратын болсақ алдын ала келісеміз. Барлық шығынды тапсырыс беруші төлейді.

- Қазір де стриптиз билейсіз бе?

- Жоқ. Мен Игорьдан былтыр кетіп қалдым. Ол бар табыстың тең жартысын алып отырды. Одан басқа кейде клиенттер қосымша ақша тастаса, соны да бөліспейді. Сосын өзі жеке кеттім. Қазір тек интимдік қызмет көрсетемін.

- Осы уақытта клиентті кім табады?

- Өзім іздеймін. Әлеуметтік желідегі парақшаларға кіріп, жалғыз бастыәйелдерге ұсыныс тастаймын. Бірақ одан пайда көп емес. Уақытың кетеді. Менікі сол тұрақты клиенттер, бұрыннан келе жатқан.

- Ол не қылған клиенттер, жалғыз басты әйелдер ме?

- Жоқ. Оның бәрі жалғыз басты деп айтуға болмайды. Бірақ, барлығының жасы отыз бестен асқан. Арасында күйеулері бар, бірақ махаббат жетіспеген келіншектер. Сосын бай әйелдер. Ерігіп, жас жігіттерді аңсайтын.

- Жезөкшелікпен айналысып жүргеніңізге намыстанбайсыз ба?

- Басында болған. Бір түрлі жүрегім ауырып. Күнде кешке арақ ішетінмін. Бірақ артымнан ерген екі інімді оқыту керек деген ой ойласам, кішкене жеңілдеп қалам. Әкеміз жоқ. Соларды бағу менің мойнымда. Бірақ мен өмір бойына осы іспен қалмаймын. Менің жоғары білімім бар. Программист болып жұмыс жасап жүрмін, бұл әшейін қосымша табыс. Сондықтан мені жезөкше деп атамаңыз.

- Жәрайды. Жалпы осы салада тәжірибеңіз баршылық сияқты. Сіз сияқты қазақ жігіттері көп пе? Тәнін сатып пайда табатын.

- Біздің клубтағы 11 жігіттің 4 қазақ еді. Жалпы кез-келген ұлттағы әйелдер неге екенін білмеймін, қазақтың қара балаларына көп көздері түседі. Басқаларға қарағанда жиі тапсырыс алатынбыз. Мен білетін Алматыда әйелдердің шақыртуына баратын он шақты жігіттер клубы бар. Оларда да 2-3 қазақ жігіттері жұмыс жасайды. Негізі бұл салада студенттер көп, солардың арасында болуы мүмкін. Олар тіпті сағатына 2000 теңгеге де жұмыс жасай береді.

- Клубтар дедіңіз. Олар қайда орналасқан?

- «Клуб» деп өздері атайды. Негізі заңсыз жұмыс жасайды.Басшылары қымбат сән салондарының ішінде отырады. Шашын қиғызуға келген бай келіншектерге, жігіттердің суретін көрсетіп клиент табады. Сосын түңгі клубтар, ғаламтор бар. Бір екеуін тапса болы, ары қарай жалғаса береді.

- Жақындарыңыз біле ме осындай іспен айналысатынызда?

- Ешкім. Бір екі досым ойлайды бір бай әйелдің көңілдесі деп. Не бетіммен айтам. Жақындарым білгенше, бұл өмірде жоқ болғаным артық.

- Жалпы табысыңызды қайда жұмсайсыз?

- Ай сайын ақылы медициналық тексеруден өтем. Ол міндетті. Клиенттер сұрайды. Сосын жаттығу залына жазылам. Тапсырыс көп болу үшін, түрің мен қатар денең де сымбатты болу керек. Шашымды кескіземін, қымбат киім аламын. Жалпы тапсырыс берушінің барлығы қалталы. Олар арзан-құрзан киініп, әбіржіп, шаршап тұрған жігіттерді ұнатпайды. Келесі жолы шақырмай қоюы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/885558-zhezokshelikpen-aynalysatyn-zhigit-bul.html