RU

Өзін құдаймын деп жариялаған орыс азаматының үйінен 43 млн рубль тәркіленді

Өзін құдаймын деп жариялаған Ресей азаматы Андрей Поповты тәртіп сақшылары қолға түсірді. Оған ірі көлемде алаяқтықпен айналысты деген айып тағылып отыр.

Попов жұртты сендіру үшін өз сектасын православиелік бағытта деп мәлімдеген.

"Кузя құдай" лақап атымен танымал Поповты сыбайластарымен бірге полиция бүгін таңертең құрықтаған. Оның үйін тінту кезінде 43 миллион рубль мен 100 мың доллардан астам қаражат табылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл ақшаның барлығы садақа ретінде секта мүшелерінен жиналуы мүмкін. Күдіктінің үйінен сондай-ақ, діни кітаптар мен экзотикалық жануарлар да табылған.

Айта кетейік, 2013 жылы Ресей шіркеуі "Кузя құдайға" сенбеуін, оның сектасына кірмеуін мәлімдеген болатын. А.Попов жұрттың сеніміне кіру арқылы алдымен оларды сектаға тартқан, кейін әрқайсысынан салық жинап отырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/885699-ozin-qudaymyn-dep-zhariyalaghan-orys-aza.html