RU

Ресейліктер Қазақстанға тауар таситын жүргізушілерді шекарадан шығармай отыр

Ресей шекарасынан елге өте алмай, теперіш көрген тауар тасымалдаушыларымыздың мәселесі өршіп барады. Саптары тәулік санап көбеюде. Қазақстанға тонналап тауар тасыған саудагерлерімізді одақтастарымыз әрбір кеден бекетінде еш себепсіз тексеріп, мезі етуде көрінеді.

Салдарынан тасымалдаушылар шығынға батып жатыр. Инвестициялар және даму министрлігі бұл жағдайға байланысты арнайы жиын өткізді.

«Все, кто едут в Казахстан должны пройти проверку у нас. Приказ!»

Ресей кеденшілері осылайша «Бұйрық» деп дүрсе қойып, әрбір бекетте біздің азаматтарды тексеруде. Еліміздің мемлекеттік кірістер комитеті түсініксіз жағдайдың жауабын сұрап, Ресейдің кеден қызметі басшылығынан хабарласқан.

Ондағылар «шекарада мұндай жағдайдың болып жатқанын білмейміз, бекеттерде тек рұқсат етілмеген тауарлар қаралуы тиіс» деп жауап қатқан.

5 күннен бері шекарада тұрмыз. Осы уақытқа дейін Новокульбежск кеден бекетінде тұрып едік, енді бізді түсініксіз себеппен басқа бекетке тексеруге жіберіп жатыр. Әрбір күніміз үшін ақша төлетеді. Жүргізушілердің барлығының ақшалары таусылды, не істерімізді білмей далмыз

«Кеше министрліктің жауапты хатшысы Ресейдің Федералдық Кеден қызметі басшысының орынбасарымен телефон арқылы тілдескен болатын. Ол түйткілдің түйінін шешуге бір күн уақыт сұрады. Шекарадағы жүргізушілерден келіп түскен ақпарға сүйенсек, олар онда 5-6, тіпті, одан да көп күн тұруға мәжбүр екен»,- деді Инвестициялар және даму министрлігі экономикалық интеграция департаментінің директорының орынбасары Ерлан Әбсатов.

Одақтастарымыздың түсініксіз тірлігі шекарада шет қалған отандастарымыздың әбден шамына батқан. Тауарларын тексертуге ақша таппағандары уақытша сақтау қоймасынан жіберілмей, қосымша шығынға батып отыр екен. Олар өздері куә болған жайттарды бізге телефон арқылы ашынып айтты.

«5 күннен бері шекарада тұрмыз. Осы уақытқа дейін Новокульбежск кеден бекетінде тұрып едік, енді бізді түсініксіз себеппен басқа бекетке тексеруге жіберіп жатыр. Әрбір күніміз үшін ақша төлетеді. Жүргізушілердің барлығының ақшалары таусылды, не істерімізді білмей далмыз»,- деді жүргізуші Андрей Молдакулов.

Қазір Ресей кеден қызметінің тексерісінен өте алмай, қоймада қаңтарылып тұрған көлік саны 150-ден асқан. Жүргізушілер онда тұрған әр күні үшін 7000 рубль, ал тауарларының әр тоннасы үшін 600 Ресей рублін төлеуге мәжбүр.

«Бұл барып тұрған сорақылық. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сынды елдердің жүк көліктері шекарадан еш тексерусіз, емін-еркін өтіп жатыр. Олардың барлығы да Қазақстан шекарасы арқылы өтіп жатыр. Тек қазақстандық көліктер қаңтарылып тұр»,- деп ашынды Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағының бас хатшысы Теодор Каплан.

Шекарадағы шикілікке қатысты жиын өткізген еліміздің кедендік бақылау бекеті қызметі мен министрліктегілер мәселені жуырда шешетіндерін жеткізді. 14 қыркүйек күні қос елдің кеден қызметі бірлесіп, арнайы кеңес құрмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/887072-reseylikter-qazaqstangha-tauar-tasit.html