RU

Ақтөбеде 17 жастағы жасөспірім намаз бастаған соң, жоғалып кеткен

Ақтөбелік Қуан Әділханның із-түссіз жоғалып кеткеніне биыл шілде айында бір жыл болды. Ұлының жоғалар алдындағы мінез-құлқын саралай келе анасы “теріс ағымның жетегінде кеткен болуы мүмкін” деп қауіптеніп отыр.

Ақтөбедегі №6 лицейдің оқушысы Қуан Әділхан былтыр 20 шілде күні үйінен шығып кетіп оралмаған.

4 қыркүйек күні “Керек.info” газетінің редакциясына жасөспірімнің анасы Әлия Анкапова келді. Баласынан үмітін үзбей жүрген әйел жоғалар алдындағы Қуанның мінез-құлқы мен қылықтарын есіне алды. Қуан соңғы кездері “намаз оқимын” деп талаптанып жүрген. Діни көзқарастарының қайшылығынан дос қызымен де келіспей қалыпты.

"Былтыр шілде айынан бастап намаз оқимын деп жүрді. Мен оның әлі оң-солын танымайтынын, намаздың да түр-түрі болатынын айтып, қарсылығымды білдірдім. Тыңдамай, басына телпек киіп алды. Мен танымайтын біреулер қалта телефонына хабарласып, үйден кетіп қалып та жүрді. Сөйлесіп жүрген құрбы қызына “мен намаз оқимын, ал сен хиджаб киесің” деп талап қойған. Дос қызы оған келісімін бермепті. Осыған қарап, баламды теріс ағымның жетегінде кеткен болуы мүмкін деп күдіктенемін",- дейді жанары жасқа толған ана.

Ақтөбе қаласында тұратын Әлия Анкапова ұлын іздестіруге полиция ғана емес, еріктілердің де қосылғанын қалайды. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған әйел күштік құрылымдардың дәрменсіздігіне наразы.

"Бір жылдан асып бара жатыр. Ешқандай хабар жоқ. Полиция бөлімшесі мен прокуратураға жиі барып тұрамын. “Іздеп жатырмыз” деп шығарып салады. Қол қусырып отырмайын деген оймен ұлымның суретін әр аялдамаға жапсырып жүрмін. Аяғым жетер көшенің бәрін жағалап шықтым",-дейді Әлия.

“Керек.info” тілшісі мән-жайды білмек болып жергілікті полицияға хабарласқан болатын. Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қуан Әділхан республикалық көлемде іздестіріліп жатыр. Әзірге іздестіру нәтижесіз.

Шарасыз әйел бақсы-балгерлерді де түгел аралап шыққан. Олар биыл қазанның 15-і күні 18 жасқа толуы тиіс Қуан Әділханның тірі екендігін айтыпты. Әлия ұлынан үмітін үзгісі келмейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/888205-aqtobede-bir-zhyldan-beri-zhoghalghan-uly.html