RU

Ақтөбеде халық көп тұтынатын тауарлардың сатылымы шектеле бастады

Ақтөбедегі ірі сауда орындары халық көп тұтынатын азық-түлікті шектеп сатуға көшті. “Дина” гипермаркетінде әр адам 5 келі қант, 1 қорап тауық еті, 5 литр күнбағыс майын ғана сатып алады.

Одан артық алуға рұқсат жоқ деп жазады kerek-info.kz.

Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы “Дина” гипермаркетінен халық көп тұтынатын азық түрлерін бұрынғыдай қапшықтап ала алмайсыз. Сауда орталығы негізгі азық түрлерін 5 келіден бөліп қойған.

Кассир Эльмира Табышеваның айтуынша, әр адам 5 келіден артық қант сатып ала алмайды. Бұл шектеудің енгізілгеніне бір айға жуықтап қалған.

Кейбір азық-түлік түрлерінің шектеліп сатыла бастағанын сауда орталығының әкімшісі Айнагүл Дарбаева да растады. Әкімшінің айтуынша, бұл шешім елдегі қаржылық дағдарысқа орай қабылданған.

“Керек.info” тілшісі 10 қыркүйек күні Ақтөбенің Әлия Молдағұлова даңғылындағы “Дина” гипермаркетін аралап шыққан болатын. Тілші гипермаркеттен қалағанынша сауда жасай алмайтынын білді.

Яғни, өзге де қала тұрғындары сияқты 5 келі қант, 5 литр күнбағыс майын және 1 қорап тауық етін ғана сатып ала алады. Одан көбірек алуға рұқсат жоқ. Мұндай шектеу азық-түліктің өзге түрлеріне енгізілмеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/888359-aqtobede-khalyq-kop-tutynatyn-tauarla.html