RU

Доллар бағамы көтерілген сайын еліміздегі айырбас нүктелері валюталардың жетіспеушілігін қолдан жасауда

Доллар бағамы тағы да көтерілген сайын, еліміздің түкпір-түкпіріндегі айырбас нүктелері валюталардың жетіспеушілігін қолдан жасауға айналған сияқты. Өйткені, Ұлттық банк айналымда қай валютаның болсын деңгейі жеткілікті екенін айтқан болатын. 31 арна әр аймақтағы құбылған курстың бағытын күні бойы назарда ұстаған.

Астанада айырбастау нүктесі көп орналасқан Республика даңғылының өзінде аса қарбалас байқалмаған. Өйткені бұл жерлерде көбісі жұмыс істемей тұр екен.

"Мұндай қысым жасап жатқанда жұмыс істегеннен, уақытша тоқтап тұрғанымыздың пайдасы көп сияқты. Бір тексеріс кетеді, екіншісі келеді. Мұндай жағдайда өзі 2 ғана жол бар. Оның бірі көлеңкелі бизнес жүргізу немесе жабылу. Біз екіншісін таңдадық. Қазір валютаны қолма-қол ауыстыратын азаматтар пайда бола бастағанын да байқап отырмыз", - дейді Валюта айырбастау пунктінің қожайыны Айгүл Салыбекова.

Бір күн ішінде бірден он теңгеге көтерілген доллардың құны қарағандылықтарды да бей-жай қалдырмады. Ақша айырбастау орындарында  таңертеннен бері ұзын - сонар кезек. Тұрғындар доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 279 теңге болғанына қарамастан долларды сатып алып жатыр. Ал кейбір орындарда, тіпті шетел валютасы мен теңге уақытша таусылып қалған.

Күшейтілген тәртіпке көшкен айырбастау бекеттерінің қызметкерлері долларды, әсіресе тапсырып жатқандар көп дейді. Сондықтан қолдарында бар ақшаларын ауыстырып қалуға тырысқандарды жақын маңдағы айырбастау бекеттеріне жіберіп жатыр. Ал халыққа қызмет көрсетуге үлгермей жатқан есепшілер теңге мен АҚШ долларына деген сұраныстың бірдей екенін айтады. Қазір доллардың құны 279 бен 281 аралығында тұр.

Ақтөбеліктер күн санап мың құбылған АҚШ валютасын жіті бақылауда ұстап отыр. 14 қыркүйекте Ақтөбеде долларды сату 277 ал сатып алу 279 теңгенің айналасында. Бірақ соңғы кезде жылжымайтын мүлік пен жылжымалы мүлік саудасымен алпыс пайыз теңгемен жүзеге асатын болған. Ұлттық банктің мәліметі бойынша соңғы аптада тіпті  шетел валюталарын сату мен сатып алу күрт төмендеген. Мамандар халық әліптің артын бағып отыр дегенді айтады. Ал қарапайым халық доллар көтерілген сайын не болар екен деген үрейдің бар екендігін жасырмайды.

Жамбылда доллар бағамының өсуіне байланысты кейбір ақша айырбастау нүктелеріндегі тақтайшаларда курс көрсеткіштері көрсетілмеген. Яғни АҚШ ақшасын сатып алам деушілерге есік жабық.

Дегенмен әдетте доллар өскен бойда бағасы шарықтап шыға келетін тұрмыстық техника тауарларының құны өзгермеген. Бұрынғы бағамен сатылымға шыққанмен жапа-тармағай алушылар байқалмайды. Есесіне мамандар доллардың көтерілуі азық-түлік бағасын аспандатады деп санайды.

"Жеке кіші кәсіпкерлер үшін өте қиын жағдай. Өйткені олар доллармен алады ғой бар тауарын. Ал сатқанда теңгемен. Бұл әсерін тигізеді орта және шағын кәсіпкерлерге. Екінші жағынан азық-түлікке де әсерін тигізіп тұр. Қазір халқымызға тұрақтылық жағынан дұрыс емес деп айтуға болады", - дейді Phd докторы Мұрат Нұрғабылов.

Ал еліміздің солтүстігінде көптеген валюта айырбастау орындары доллар мен еуросатылымын уақытша тоқтатып тастады. Айырбас орындарының өкілдері, мұны аталған валюталарға сұраныс көп болып, таусылып қалғанымен түсіндіреді. Ал шамамен айтқанда бұл өңірдегі доллар бағасы әр жерде әр түрлі бағаммен қойылып, бір доллардың құны 270 пен 280теңге арасында құбылып тұр. Тұрғындардың арасында валюта айырбас орындарының жұмысына көңілдері толмайтындарын да жеткізді.

Шетел валюталарын еркін айналымға жібергені қиын болайын деп тұр. Айырбастау орындарына ешкім құзырын жүргізбей, өз еріктерімен бағаларын қоя беретін болды.

Доллар бағасының күн санап құбылып тұруы атыраулықтарды алаңдатып отыр. Десек те, Атыраудың ақша ауыстыру орындарында доллардын сатқандағы бағамы әлі қойылмаған. Ал, сатып алу бағасы ғана 271 болып тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/889583-dollar-baghamy-koterilgen-sayyn-elimi.html