RU

Түркістан қаласының тұрғыны біреуі $5 мың тұратын көгершіндер өсіруде

Түркістандық Әлішер Төлегеновтің қолындағы көгершіндері 5 мың АҚШ долларына бағаланады.

40 жылдан бері құс өсірумен айналысатын Әлішердің үйінде бұдан бөлек тағы да 200-ге жуық көгершіні бар.

Оның 40 шақтысы қымбат бағалы. Жақында Әлішер Төлегеновтің үйінде болып, көгершіндерін көріп қайттық. Атасының да, әкесінің де сүйікті ісі көгершін бағу болыпты. Осылайша, әуес іс - ата кәсіпке айналған.

"Көгершін асырауға бала кезімнен құмар болдым. Қазір де ұйқымнан тұрып, беті-қолымды жуа салып, осы жаққа асығамын. Суын ауыстырамын, жемінің ыдысын хлормен тазалаймын. Балаларым сияқты қараймын, сөйлесемін. Көңіл-күйіңді түсінеді. Талғампаз қанаттыларға ерекше күтім жасау керек. Шыдамдылықты талап етеді", - дейді Төлегенов.

Көгершіндердің бағасы 5 мың теңгеден басталып, 5 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Олардың тұмсығы мен тырнағына, тұрқы мен жасына ерекше мән беріледі.

Тордағы көгершіндердің бірі айдарлы, енді бірі етік киген тотықұсқа ұқсайды. Түр-түстері әртүрлі. Жай кептерлер бөлек, сәнді көгершіндер бөлек торда тұрады.

"Қымбат көгершіндердің жұмыртқасын алып, жай кептерге бастырамын. Бірақ екеуінің жұмыртқасы бір-біріне күні сәйкес келуі керек. Ал сәнді көгершіннің тұмсықтары кішкентай. Бір аптадан кейін балапанын бағуға шамасы жетпейді", - дейді ол.

 

Мұндағы әр жәшік сандармен белгіленген. Олар жайлы деректерді Әлішер Төлегенов дәптеріне түртіп жүреді. Сосын бір кептерге тек бір ғана балапаннан бақтырады екен.

Сондай-ақ жай кептердің балапаны 1000 теңгеге бағаланса, сәнді көгершіннің балапаны 50 мың теңгеден бағаланады.

Еліміздегі және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сияқты көрші елдерде өтетін құстар көрмесінен қалмайды. Барған жерінен жүлдесіз қайтқан күні болған емес. Оған әр көрмеден алып келген мақтау қағаздары дәлел.

"Бүгінде Түркістанда көгершін өсіретіндердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қырық-елу шақты адам болсақ, соның он бес-жиырма шақтысы екі апта сайын жиналып, ортадан ақша шығарып, бір қой сойып, басқосулар жасаймыз. Тәжірибе алмасып, көгершін өсіру жайында әңгімелесіміз. Қатарымызда 12 жастағы баладан, 70-тегі қартқа дейін бар", - дейді Әлішер Төлегенов.

 

Құстың қас-қабағына қарап-ақ, олардың жай-күйін түсінетін тұрғын бұл күнде көгершіннің дәрігеріне айналған.

"Көзі іріңдейді, түлейді, таңдайы суланады. Әр дертіне берілетін өз дәрісі, дәрумендері бар. Дәрі-дәрмектер Германиядан, Швециядан, Ресейден әкелінеді. Екпені де өзім салып, қай кептер немен ауырып жатқанын білемін. Сондай-ақ ай сайын міндетті түрде мақтаны спиртке шылап, тамағын, тұмсығын, табанын жуамын. Микробтарын өлтіреді. Уақытылы ем-домын жасап, жіті көңіл бөлмесе болмайды", – дейді ол.

Қораның есігін ашып еді, көгершіндер көкке әуелей көтеріліп, арнайы қойылған бағанаға сап түзеп қонды. Маңғаз. Ал енді біреулері сонау биікте шыр көбелек айналып, билей жөнелді. Көз алмай қарап тұра бергің келеді.

Фото мен мәтіннің авторы: Әйгерім Бегімбет

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/890572-qazaqstandyq-turghynnynh-bir-kogershin.html