RU

Семіздікпен күресудің тиімді әдісі табылды

Адамдар алдына келген ас үлкен ыдысқа салынғанда артық жеп қойғанын байқамай қалады. Сондықтан үлкен порциялардан бас тарту күн сайын тұтынатын калория көлемін Ұлыбританияда 16 пайызға, АҚШ-та 29 пайызға азайтуға мүмкіндік берер еді.

Cochrane Database of Systematic Reviews журналында жарияланған ғылыми мақаланың авторлары осындай тоқтамға келіп отыр.

Ғалымдар осы мақсатта 61 зерттеу жүргізіп, оған ұзын соңы 6711 ерікті қатысыпты. Зерттеу қорытындысына сәйкес, адамдар тамақты үлкен ыдысқа үлкен порциямен салып, сусынды үлкен кесеге құйып әкелгенде ашкөздікке салынып, артық жеп қойғанын аңғармай қалады екен.

Сондықтан қоғамдық тамақтану орындарында үлкен порцияларға шектеу енгізілетін болса, бір күнде тұтынатын калория көлемін Ұлыбританияда 12-16 пайызға (шамамен 279 килокалорияға), ал АҚШ-та 22-26 пайызға (526 килокалория) азайтуға мүмкіндік туар еді.

Семіздіктен арылуда осы әдіс адамның жынысына, салмақ индексіне, ашығу мен өз-өзін бақылау деңгейіне қарамастан оң нәтиже берері сөзсіз деп сендіруде ғалымдар.

«Әдетте артық тамақ жеуде адамның жеке қасиеттерін айыптап жатамыз. Алайда біздің ашып отырған жаңалығымыз адамның семіздікке шалдығуына қоршаған ортаның да ролі орасан екенін көрсетіп отыр. Порция көлемін азайтып, тағамның «менмұндалап тұратын» тартымдылығы мен оның дүкендерде емін-еркін сатылуына шектеу енгізілетін болса, әлемдік семіздікпен күрес әлдеқайда тиімдірек болар еді», - дейді зерттеу авторларының бірі Гарет Холландс (Gareth Hollands).

Ғалымдар зерттеу аясында бірқатар нақты шараларды қолға алу қажет деп есептейді, атап айтқанда: дәмханалар мен мейрамханаларда сатылатын калорияға бай тағамдар мен сусындардың (майлы тамақ, тәтті, энергетикалық сусындар) үлестірілетін көлеміне шектеу енгізу, ірі порцияларды тұтынушының сөзінен тасада ұстау, шағын порцияларды жарқын қаптамалармен және басқа да әдістермен тартымды етіп ұсыну, сондай-ақ «порциясы қаншалықты көп болса, тағам құны арзанырақ болады» деген саясаттан аулақ болу, деп жазады lenta.ru.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/890695-semizdikpen-kuresudinh-tiimdi-adisi-t.html