RU

Қазақстанда қандай бойжеткендерді әйелдікке лайық санайды

Ертеректе қазақ жігіттері қалыңдықты қалай таңдаған және бүгінде аруларға қандай талаптар қояды? Мамандар ажырасу жағдайының өсуі жар таңдаудағы шарттардың толықтай өзгеруінен деген пікірде.

Namys.kz порталының журналисі қазақта «Қыз күнінде  бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген мәтелдің бүгінде өз мәнісі бар деп санайды.

Әуелі тілші қазіргі қоғамда қандай қыздар «жақсы» аталатынына талдау жасап көруге тырысқан.

«Бірінші өңі әдемі, сұлу болса;  екіншіден дәулетті жердің қызы болса; үшінші жақсы университетте оқыған болып, оны қызыл дипломмен бітірсе, тіпті жақсы; ағылшын, орыс тілдеріне жүйрік болса, тіпті керемет; көлік жүргізе алатын, кез келген ортада өзін еркін сезініп, ойын ашық айта білетін болса, міне заманға лайық! Ал қараңызшы, өзі сұлу, өзі оқыған, өзі машиналы, өзі тілге жетік… осы қыздан қыз өте ме? Біздің қоғамда «менмін» деп жүрген қыздар да осылар!» - деп қазіргі жігіттердің талғамын тізбектеді журналист.

Алайда бойжеткеннің бұл тамаша қасиеттері тұрмысқа шыққаннан кейін мәнісін жоғалтады деп санайды автор.

«Енді осы қыз күйеуге тиді делік. Мәтеліміздің мәні ашыла бастайды, ағайын. Неге? Өйткені, ол енді басқа сатыға өтті. Яғни «жар», «келін» деген статусқа ие болды. Оның талаптары да басқаша әрине. Қыз күніндегі «кереметтері» мұнда жарамай қалды. Енесімен ағылшынша сөйлесудің қажеті жоқ, қызыл дипломы атасына да пәлендей әсер ете қоймайтын секілді, машина жүргізгенінің қайынағасына қанша қажеті бар деген секілді… олар басқа нәрсе талап етеді. Тіпті оларды қоя берелік, «келін оның бәрінің талабын қанағаттандыруға міндетті емес» деп шығатындар бар ғой, соны да ескерелік», - дейді журналист.

Мақала соңында автор болашақ жарын таңдауға кіріскендерге өз кеңесін берді.

«Өңі әдемі, сұлу болса, әрине жақсы, бай, дәулетті жердің қызы болса, тіпті де жақсы. Ең бастысы - имани тәрбиесі, парасаты. Оның аталары кім болғанын, анасы қандай екенін қузалап отыруы қыздың тәрбие, әдеп, ақыл-парасаты жөнінде мағлұматқа ие болу. Соны маңызды көргеннен солай істейді», - деп ойын түйді журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/890700-qazaqstanda-qanday-boyzhetkenderdi.html