RU

Қазақстанда тоқал алуға деген қоғамның көзқарасы қандай?

Өзге әйелдермен саунада емес, өз үйінде бірге тұрып, көп әйел алғандарын Қырғыз депутаттары ешкімнен жасырмай, ашық жариялай бастады. Бұл оқиға Қазақстанда да дереу талқыға түсіп, тоқал алу туралы ой-пікірлер қайта қыза түсті.

Заңгерлер екінші әйел алу туралы заң қабылданса, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді деп дабыл қақты. Ал елімізде бірнеше әйел алған азаматтар неге жарларын жасыруға тырысады? Тоқал алуға бүгінгі қоғамның көзқарасы қандай?

Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің депутаты Тұрсынбай Бәкір көп әйел алса да, ешбірі үстінен шағымданбай, баршасының разылығын алып отыр екен. Ал жергілікті арнаға оның бірінші емес әйелі де сұхбат беріп, оныншы әйелі болсақ та, қырғыз азаматының етегінен ұстау керекпіз деген уәж айтты.

"Шет елдікке тигенше, қырғыз тию керек. Оныншы болса да. Қырғыздардың санын арттыру керекпіз", - дейді ол.

Ал Қазақстанда бірнеше әйел алғандардың саны аз емес. Тоқал алу үрдісі қалталылар мен дін өкілдерінің арасында көп тараған. Алайда көпшілік ортадан жасырып ұстайды. Өзінің көп әйел алғанын әзірге жария еткен қоғам қайраткері біреу ғана. Ал екінші әйел алуға халықтың көзқарасы сан түрлі. Бірі үзілді кесілді қарсымын десе, енді бірі қуана құптайды.

 - Бір әйел жетеді

- Қолдайтын едім. Енді официально болып жатса, оның несі бар?!

-Алып беретін едім тоқалды.

-Демократия кезінде 2-3 әйел алуға қарсымын өз басым.

-Жас келді ғой, қайдағы тоқал?!

-Алу керек деп ойлаймын;

Көп әйел алуға шариғат рұқсат бергенмен, елімізде заң жүзінде шектеу қойылған. Зайырлы мемлекет дін ісіне, дін мемлекет ісіне араласпау керек болғанмен, қарама-қайшылықтар жоқ емес. Осылай деген заңгер қылмыстық кодекске де ұлттық ерекшелікке орай өзгеріс енгізуге болмайтынын ескертеді.

"Неке және отбасы" кодексіне ешқашан ешқандай жағдайда өзгеріс енгізуге болмайды екі некені заңдастыру керек деген. Бұл отбасы тұрақсыздығына әкеліп соғады. Отбасында ұрыс болса, онда отанда береке болмайды", - дейді заң ғылымдарының докторы Орынбасар Тілепберген.

Қазақстанда екінші әйел алуды заңдастыруды депутаттар тұрақты түрде ұсынып келеді. Олардың ойынша бұл еліміздегі кәрі қыздардың санын азайтуға септігін тигізеді. Мұнымен келіспеген заңгерлер тоқалдыққа жас қыздардың алынатынын алға тартады. Ал мемлекет тоқалдан туған балаларды заңсыз есепке жатқызады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/891488-qazaqstanda-toqal-alugha-degen-qoghamn.html