Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кассир-бойжеткенді тепкен жігіт өзінің әрекеті дұрыс болмағанын мойындады

Опубликовано:

Астанадағы кинотеатрдың кассирі қатты тепкіден айтарлықтай жарақат алған болуы мүмкін. Дәрігерлер өмірлік маңызы бар ішкі ағзаларға зақым келуі ықтимал деп отыр. Сол арада оны аяусыз тепкен жігіт өзінің дұрыс жасамағанын мойындады деп хабарлайды 31 канал.

Дәрігерлер бойжеткеннің мұндай тепкіден кейін қандай жарақат алуы мүмкін екенін тізбектеді.

"Шұғыл хирургияда келесі ұғымдар бар: құрсақ қуысының жабық жарақаты, ішкі ағзалардың жарылуы. Бірінші кезекте бойжеткеннің көкбауырына зақым келуі мүмкін, бәлкім бауыры немесе ішегі жарылған. Бір сөзбен айтқанда, ішкі ағзаларына зақым келген болуы ықтимал", – дейді дәрігер-травматолог Қанат Тезекбаев.

Дәрігерлер бойжеткен бірден емханаға жүгінбесе, оның салдары таяуда байқала қоймайды деуде. Олар оның физикалық жарақаттардан бөлек, психикалық зақым алуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Кәсіби жекпе-жекпен айналысатындар болса, соққының кәсіби түрде жасалғанын айтуда. Яғни жігіт барынша жарақаттау үшін қай жерден тебу керектігін жақсы білген. Кез келген жекпе-жек түрінде ар-намыс кодекстеріне сәйкес, әлсіз қарсыласына мұндай соққы жасауға тыйым салынған. Ал нәзік жандыларды ұру тіптен бұрыс саналады.

"Бұл қатты соққы емес, өте қатты соққы болды. Ол жылдамдықпен тесіп өтерлік соққы жасады. Не себепті спортшылар пресс жасайды? Себебі құрсақ қуысы - адамның әлсіз тұсы. Бізде жүрек, өкпені қорғайтын қабырға бар. Ал мұнда түк жоқ. Сол себепті қатты соққыдан адамның ішкі ағзалары жарылып кетеді", – дейді каратист Арман Кәрімов.

Әлеуметтік желіде зардап шегушіге көмек беретін арнайы топ құрылып үлгерген. Көпшілік бұл жағдай тараптардың келісімге келуімен аяқталады деп қорқуда. Бойжеткенді тепкен сәттің видеосын көргендер жігіттің бұл қылығын ащы сынға алған.

Қол көтерген жігіт болса, бүгінде барлық әлеуметтік желілердегі аккаунтын өшіріп тастаған. Алайда 31 арнаның хабарлауынша, аккаунтын өшірмес бұрын Тұракелдиев өзінің дұрыс жасамағанын мойындаған.

Қоғам қайраткері Ғалым Байтүктің ойынша, адамдар бүгінде қалталылардың балаларының жазасыз құтылуына көндіге қоймайды.

Ал кассир-бойжеткеннің денсаулық жағдайына қатысты еш ақпарат жоқ. Ол журналистермен байланысқа шығудан бас тартты. Қазіргі уақытта айыптыны қорғаушы соттың жабық түрде өтуін сұрағаны белгілі.

Еске салсақ, оқыс жағдай 14 қыркүйекте орын алған. Астаналық Kinopark 8 SaryArka кинотеатрына келген жігіт кассир-бойжеткенге стаканды лақтырып, кейін оны аяусыз тепкен.

Астана қаласының ІІД полицейлердің бұл іске қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Төбелес ашқан жігіт қамауға алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/891566-kassir-boyzhetkendi-tepken-zhigit-ozin/

pixel