RU

Жарнамадан аузы күйген отандық жұлдыздар

Жақында әнші Мадина Сәдуақасова тұшпара "жарнамалап жүргенін" біліп, жағасын ұстаған болатын. Одан өзге талай отандық жұлдыздар жарнама құрбандарына айналып үлгерді.

NUR.KZ порталы Comode-қа сілтеме жасай отырып, жарнамадан аузы күйген отандық жұлдыздарды назарларыңызға ұсынады.

Әсел Сағатова

Танымал әртіс Әсел Сағатова интернетте 62 кг-дан 48-ге дейін қалай салмақ тастағанын айтып, "жасыл кофені жарнамалаған".

Баян Есентаева

Ал продюсер Баян Есентаева болса, талай өнімді өзі білместен жарнамалап үлгерген. Ол арықтататын дәрілермен қоса, «Күйеуді қалай қайтарып алуға болады?» деген оқыту дискілерін де "көпшілікке ұсынып жүргенін естігенде" жарнаманы бергендерден 5 млн теңге моральдық шығынды өтеуге талап ететінін мәлімдеген еді.

Алайда продюсер көп ұзамай ондай жарнамашылармен соттасудың бос әурешілік екеніне көзі жеткен.

«Адам әр жерде соттасудан да шаршайды. Бұл сайттардың бас кеңселері өзге елдерде. Соттасу үшін оларға барып, ел асу керек. Барлық сауатты адамдар мұның фотошоп, монтаж екенін түсінеді деп ойлаймын. Соттасумен барлық өміріңді кетіруге де болады», — дейді Баян Есентаева.

Айта кетерлігі, бұған дейін БАҚ-та қазақстандық жұлдыздардың фотосын ресейлік порносайттар пайдаланып жүргені айтылған болатын.

Порносайтта фотосы жарияланған қазақстандық жұлдыздар арасында Баян Есентаева, Айгүл Мүкей, Әсел Сағатова, Мөлдір Әуелбекова, Әлия Телебарысова, тележүргізуші Мадина Балғабаева бар.

Алайда Баян Есентаева олармен соттасуға зауқы жоқтығын жасырмады.

«Өзге мемлекет өкілдерімен соттасу оңай емес. Ол үшін сол мемлекетке барып, сотқа беру керек. Сол жерде болу керек. Менің фотомды арықтататын дәрілер мен кофе жарнамасына пайдаланған кезінде мұны сұрастырып, білген болатынмын. Соттаспақ едім, оларды таба алмадым. Қорғаушы жалдағанның арқасында олардың бас кеңсесі Бразилияда екенін анықтадым. Мен соған бола Бразилияға бара алмаймын», - деді Баян Есентаева.

Роза Рымбаева

Халық әншісі Роза Рымбаеваның да арықтататын жасыл кофені жарнамалаған фотолары интернетті кезіп жүрген болатын. Күніне 1 кг-ға қалай арықтау керектігін "жарнамалап жүргенін" естіген әнші оларды сотқа беретінін мәлімдеген.

Меруерт Өтекешова мен Бақыт Сыздықова 

Танымал актриса, Қыз-Жібек рөлін сомдаушы Меруерт Өтекешова және экс-депутат Бақыт Сыздықова өздерінің желіде қорылға қарсы дәріні жарнамалап жүргенін естіп, жағаларын ұстады. Олар бұл жарнамаға еш қатысы жоқтарын айтуда.

Экс-депутат, қоғам қайраткері және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту орталығын ұйымдастырушы Бақыт Сыздықова мұндай жағдай бұрындары да орын алғандығын жасырмады.

“Мұндай жағдай бірнеше жылдар бойы қайталанып келгендіктен етім үйреніп кетті. Мен өз өмірімде годжи жемістерін, көк кофе мен арықтататын шәйлерді, жасартатын кремдерді де «жарнамалап» үлгердім. Ал бүгін «жарнамадағы мансабым» шарықтау шегіне жетіп, қорылға қарсы дәрі-дәрмекті жарнамалайтын болып шықтым”, – дейді Сыздықова.

Бүркіт

Әнші бүркіт өз фотосын шаштараздан көргенде біраз күліп алды. Жұлдыздың жанкүйерлері бұл әншінің фотосын пайдаланып жүрген жалғыз шашатараз емес екенін айтуда.

Әли Оқапов

Әли Оқапов  Петропавлдағы баннерде не себепті өз фотосы ілінгенін сол күйі түсінбей кетті. Фотошоппен өзгертілген әнішінің суреті көзге біртүрлі оғаш көрінеді.

Мадина Сәдуақасова

Танымал қазақстандық әнші Мадина Сәдуақасованың фотосы Германияда сатылатын тұшпараның қабын сәнді еткен. Әнші бұған өз ренішін білдіріп, заңгермен мәселені шешудің жолын іздестіруде.

«Мен Германияда қазақстандық тұшпараларды жарнамалайды екенмін… Енді қалай істесем екен деп ойланып отырмын…» – деп жазған әнші тұшпараның фотосын жүктей отырып.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/891711-zharnamadan-auzy-kuygen-otandyq-zhuldy.html