RU

Атырауда кішкентай қыз баланы зорламақ болған педофил қамауға алынды

Атыраудың №2 соты 28 жастағы тұрғынды зорлық жасауға әрекеттенді деген күдікпен 2 айға қамауға алды деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті 10 қыркүйекте күндізгі уақытта подъезд жақтан өтіп бара жатқан қыз баланы байқап қалады. Ол оның артынан торуылдап, қай пәтерге кіргенін анықтап алады.

Қызбен еріп келген ұл баланың кеткенін байқай салысымен, интернет арқылы пәтердің қалалық байланыс нөмірін біледі. Ол қыз балаға анасының танысы ретінде хабарласып, оның үйде жалғыз отырғанына көзін жеткізеді.

Кейін педофил есікті қағып, қыздың тамағына пышақ тақайды. Кәмелетке толмаған жеткіншекті өлтіремін деп қорқытып, жатын бөлмеге сүйрейді. Алайда өз ойын соңына дейін іске асыра алмай, пәтерден ізін суытады.

Алдын ала тергеу органдары күдіктіге қатысты 149 бап 2 бөлім, 24 бап 3 бөлім және 121 бап 3 бөлім бойынша қылмыстық іс қозғады. Біреудің үйіне заңсыз кіру және кәмелетке толмаған жеткіншекті зорлауға әрекеттену баптары бойынша айыпталған азамат кінәсі дәлелденген жағдайда тиісті жазасын алатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/892459-atyrauda-28-zhastaghy-pedofil-qamaugha-aly.html