RU

Заңгерлер кинотеатрда бойжеткенді тепкен жігітті қандай жаза күтіп тұрғанын айтты

Астанада бойжеткенді тепкен шенеуніктің ұлына қатысты іс екі тараптың келісімге келуімен аяқталуы мүмкін.

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Кинотеатр басшылығы премьер-министр кеңсесіндегі бас инспектордың ұлынан соққы алған бойжеткенге қорғаушыны өз есебінен жалдады.

"Сарыарқа" кинотеатрының баспасөз қызметі зардап шеккен бойжеткеннің мүддесін қорғауды көздейтіндерін мәлімдеді: «Біздің тарапымыздан зардап шегушінің құқықтарын қорғайтын адвокат жалданды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Сол себепті біз әзірге бойжеткеннің денсаулық жағдайы туралы ешқандай ақпарат бере алмай отырмыз».

Ал заңгерлер болса, "каратист жігіттің" 200 АЕК көлемінде айыппұлмен құтылуы мүмкін екенін айтуда. Бұл шамамен 400 мың теңге. Немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Іс "бұзақылық" бабы бойынша қозғалғандықтан, екі тараптың келісімге келуімен де аяқталуы ықтимал.

"Медиация деген ұғым пайда болды. Яғни екі тараптың бір келісімге келуі. Мұндай шешімді сот та, құқық қорғау органдары да қолдайды", - дейді адвокат Жандос Тұяқов.

Еске салсақ, 14 қыркүйекте салқын сусын сатып алу кезінде 22 жастағы жігіт жанжал шығарып, кассир бойжеткенді тепкен болатын. Оның видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен.

Кейін бұзақылық жасаған азамат премьер-министр кеңсесіндегі бас инспектор Болат Тұракелдиевтің ұлы екені анықталды.

Астана қаласының ІІД полицейлердің бұл іске қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Төбелес ашқан жігіт қамауға алынды.

Көп ұзамай Тұракелдиев бойжеткенге қалай тап бергені есінде жоқтығын, өзін басқара алмайтындай ашулы күйде болғанын алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/893336-zanhgerler-boyzhetkendi-kinoteatrda-s.html