RU

Ақтөбеде ауыр халде ота жасатқан әйелдің құлағындағы бриллиант сырғасы ұрланып кетті

Ақтөбе облыстық ауруханасына ауыр жағдайда түсіп, ота жасатқан 1990 жылғы тұрғын бриллиант сырғасын жоғалтты. Өмір мен өлім аузында 3 сағаттық отадан аман шыққан келіншек полицияға арыз түсірді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Әзірге құны 170 мың теңге тұратын бриллиант сырға да, күдікті де табылған жоқ.

1990 жылғы ақтөбелік тұрғын 23 тамыз күні ауыр жағдайда облыстық ауруханаға түскен. Аяқ астынан жағдайы нашарлап кеткен келіншегін ауруханаға көтеріп әкелген жолдасы жұбайының құлағында сырғаның болғанын айтады.

Бриллиант сырға келіншегінің құлағында үнемі жүретін болғандықтан, бағалы затты шешіп алу керектігі туралы ол ойламаған. Қарбалас кезде дүниеден гөрі жан амандығын ойлаған отбасы сырғаға мән бермеген.

"Мен 23 тамыз күні ауыр жағдайда облыстық ауруханаға түстім. Бірден ота жасау бөлмесіне кіргізді. Үш сағат ота жасағаннан кейін, жан сақтау бөліміне жеткізді. Есімді бір сағаттан кейін жинадым. Сырғамның жоқ екендігін әлсіреп, бетімді ұстап жатқан кезде байқадым. Жаман ойлаған жоқпын. Дәрігерлер бағалы затты сейфке салып қойған екен дедім. Медбикелерден сұрағанымда білмейміз деді. Кейін палатаға ауыстырғаннан кейін жолдасымның да алмағанын білдім,- дейді Айгүл (науқастың өтінішімен есімі өзгертілген).

Ауыр дерттен аман қалған келіншек полицияға бірден хабарласпаған. Бірнеше күн өткеннен кейін дәрігер көрген жоқпын, медбике алған жоқпын деп ақтала бастаған кезде ғана емделушіде күдік пайда болады. Ол полицияны ауруханаға 28 тамыз күні ғана шақырады.

"Сырғаны бас садақасы деп іздемес те едім. Ол осыдан үш жыл бұрын, тұрмысқа шығар кезде жолдасымның сыйлағаны. Ол жоғалғанын естігенде ренжіді. Арызды содан кейін ғана жаздым. Табылады деп ойлаймын. Бір медбике ота жасайтын кезде құлағымда сырғаның болғанын айтып қалды. Күдіктенетін адамдарым да жоқ емес. Алған адам өзіме әкеп берсе, әрі қарай дауламас едім",-дейді емделуші.

Оқиғаның ауруханада тіркелгенін облыстық аурухананың бас дәрігері де растап отыр.

"Ондай ыңғайсыз оқиғаның орталықта болғаны өкінішті. Қоғамда түрлі кесапат бар. Біздің мекеме қызметкерлері де сол қоғамның мүшелері. Осы жағдайға байланысты мекемеде тексеріс өтті. Бірақ, нәтижесіз. Ешкім көрген жоқпын, алған жоқпын мен шектелді. Негізі 25 жастағы келіншек бізге жедел жәрдеммен жеткізілді. Келгенде есін білген жоқ. Қабылдау бөлімінен бірден ота жасауға жіберілген. Бізде негізінен науқастарды жоспарлы түрде қабылдаған кезде бағалы заттарды ішке кіргізбейміз. Ал, бұл жағдай шұғыл түрде болғандықтан, қызметкерлеріміз науқасты ештеңеге қарамастан бірден ота жасауға көтерген. Кейін анасы айтқаннан кейін біз полиция шақырдық. Науқастан арыз алынып, қызметкерлер түсініктеме жазды. Енді полиция тексерісінің қорытындысын күтіп отырмыз. Айыпты болсақ шығынды өтейміз", - дейді Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері Самат Данияров.

Ақтөбедегі облыстық аурухананың ашылғанына бір жыл болды. Онда 650 адам жұмыс жасайды. Бағалы заттың жоғалғанына байланысты дәлелдеме таппай отырған бас дәрігер қызметкерлерін жақтай да, даттай да алмай отыр.

Бірақ ауруханада жоғалған болса, құнын өтейміз деп уәде берді. Мұндай оқиға орталықта бірінші рет тіркеліп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/894080-aqtobede-auyr-khalde-ota-zhasatqan-ayel.html