RU

Қазақстанда қызылшаға қарсы екпе егу қайтадан басталады

Қазақстанда қызылшаға қарсы екпе егу қайта басталды. Қазан айынан бастап Астанада 15 және 19 жас аралығындағы 21 мың 580 адам екпе қабылдайды.

Оның 10131- оқушы, 11500-і - студент. Қызылшаға қарсы екпені қайта жүргізу бұл дерттің күрт өсуімен байланысты. Астананың өзінде 8 айда қызылшаны жұқтырған төрт жүзге тарта науқас тіркеліпті.

Індеттің қоғамда белең алуына себеп болып отырған - діни ұстанымдағы ата-аналардың балаларына екпені салдырудан бас тартуы, - дейді мамандар.

Өткен жылы Қазақстан қызылшаның тарау қаупі бойынша әлемде оныншы орында тұрса, биыл бірден төртінші орынға көтеріліпті. Қазан айында Астанада 44 екпе жасайтын бригада қызмет атқаруды көздеп отыр. Олар ауруханаларда, мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарында орналаспақ.

"18 жасқа толмаған балаларға екпе жасамас бұрын, ата-аналарынан міндетті түрде рұқсат алу керек. Олар келіскен жағдайда ғана, қызылшаға қарсы екпе егіледі. Мен өз атымнан ата-аналарды екпеге қарсы болмауына шақырамын. Өйткені ертең бұл ауруға шалдыққан балаға үлкен қауіп төнеді. Ол қызылшадан жазылғанымен, басқа органдарына, әсіресе ішкі органдарына, бас миына үлкен зиян келеді", - дейді  Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс инфекционисті Сәуле Атығаев.

Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында, еліміздің басым бөлігінде қызылшаға қарсы екпеден соң, жасөспірімдер ауруханаға түскен жағдайлар тіркелген болатын.

Осыдан кейін елдің бас санитары Жандарбек Бекшин екпені тоқтату туралы шешім шығарды. Артынша вакцинаға зерттеу жасаған Ұлттық экспертиза орталығы да, халықаралық сарапшы ұйымдар да жастардың ауруханаға түсуі екпеден емес, деген шешім шығарған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/894279-qazaqstanda-qyzylshagha-qarsy-ekpe-egu.html