RU

ОҚО-да мектеп оқушылары Өзбекстаннан қашқан қылмыскерді ұстауға көмектескен

Сарыағаш ауданындағы орта мектептің оқушылары шекара бұзған екі Өзбекстан азаматын қолға түсіруге көмектесті.

«Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан Сарыағаш шекара заставасының күзетіндегі Мемлекеттік шекара аумағында (Қазақстан - Өзбекстан шекарасы), шекарада жүріп-тұру режімін бұзған екі Өзбекстан азаматы ұсталды.

Аталмыш аудандағы Ақниет ауылында пайда болған екі адамның түр-түсінен, жүріс-тұрысынан секем алған осы ауылдың Ұлықбек атындағы орта мектебінің 5 және 7 «А» сыныптарында оқитын екі оқушы, Нұрдәулет пен Ернұр суыт жүрген бейтаныс жандардың тоқтаған үйлерін естеріне сақтап қалып, із кесе келген шекарашыларға хабарлап, жөн сілтейді. Әрі қарай шекарашылар өздерінің үйреншікті ісі бойынша, Мемлекеттік шекараны бұзушыларды тұтқиылдан, тырп еткізбей қолға түсірді»,- деп хабарлайды Шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Кейін белгілі болғандай, ұсталғандардың бірі көрші мемлекет аумағында жасаған қылмыстары үшін Өзбекстан тарапынан күдікті ретінде танылып, 2014 жылдың желтоқсанынан бері халықаралық іздеуде жүрген азамат болып шықты.

Біздің еліміздің аумағында да қылмыстық істерін мұқият жоспарлап, өз қандастарын Мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізудің «қалтарыс» жолдарын қарастырып қойғандығы әшкереленді. Оқушы балалар дер кезінде көмектеспегенде оқиға қалай өрбіген болар еді, кім білсін.

Осындай отаншыл, елгезек әрі алғыр шәкірттерді тәрбиелеген ұстаздары мен сол оқушылардың өздеріне алғыс сезімдерін білдіру үшін Сарыағаш шекара отрядының басшылығы Ұлықбек атындағы орта мектепке арнайы келді. Мектептің осы оқиғаға орай ұйымдастырылған жалпы жиынында сөз сөйлеген әскери бөлім командирі подполковник Б. Абсаматов мектеп директоры А.Айтбаеваға және 5-7 сыныптардың ұстаздарына грамоталар табыстап, гүл шоқтарын ұсынды.

Салтанатты шараның негізгі «қаһармандары» Нұрдәулет Хасанов пен Елнұр Ілес те шекарашы ағаларының алғыстарына, сый-сияпаттарына бөленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/894869-oqo-da-mektep-oqushylary-ozbekstannan.html