RU

Кәмшат Жолдыбаева сымбатты болғысы келетін бойжеткендерге өз кеңесін ұсынды

Кешью тобының экс-солисі, соңғы уақытта жеке әнші ретінде халыққа өз өнерін көрсетіп жүрген Кәмшат Жолдыбаева сымбаты мен денсаулығының құпиясы жайлы massaget.kz-ке берген сұхбатында бөлісті.

Таңертең ерте тұрып, спортпен шұғылданған жөн. Менің өмірімнің әр кезеңі әртүрлі деуге болады. Бір кездері мен бар уақытымда бимен айналысатын болсам, бір кездері залға барып, спортпен шұғылданып, уақыт өткіземін. Қазіргі кезде таза ауада жүгіріп не баспалдақпен мініп-түсемін. Әйтеуір өмірімде үнемі қозғалыста болуға тырысамын. Қозғалыс – өмір үшін маңызды. Қозғалыссыз жатқан зат – жансыз дүние. Сондықтан әрқашан қозғалыста болу керек. Бұл – бір.

Екіншіден, тәбетті қадағалау керек. Ол денсаулыққа тікелей байланысты. Мысалы, адам іштей сұлу, сымбатты, дені сау болуына дайын болса, әрі әрекеттенсе, мақсатына жетеді. Көп адам «қуырылған, нан-тоқаш, майлы тағамнан бас тарта алмаймын, тәттіні жеуді тоқтата алмаймын» деп айтады. Ал сымбатты болғың келсе, жегім келмейді деген затты жеу керек. Көкөністер, қайнатылған сорпа, пайдалы тағам мәзіріне өту керек. Біздің жегіміз келетін тағамның көбі зиянды. Өзім де тәттіден бас тарта алмаймын, үнемі тәтті жегім келіп тұрады. Бірақ бұл әдетіммен күресіп келемін.

Үшіншіден, адамның ішінде болып жатқан жайттар. Соны анықтау керек. Ішінде болып жатқан дүниелер сыртқа білінеді. Қызғаныш, көре алмаушылық, ыза, кек, реніш адам өміріне зиянды әсер етеді. Сіз өзіңізді ешкіммен салыстырмауыңыз керек. Ешкімнен ештеңені қызғанбау керек. Санаңызда «гармония» орнықса, өміріңізде де бәрі жақсы болады дейді әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/895219-kamshat-zholdybaeva-symbatty-bolghysy-k.html