RU

Шымкентте жалғызбасты ана, буыны қатпаған балаларымен құрылыс алаңдарында күнелтуде

Шымкентте жалғызбасты сырқат ана буыны қатпаған екі баласын жетектеп, құрылыс алаңдарын паналағанына биыл үшінші жыл.

Жаз кезінде қараусыз қалған тамдарда түнесе, қыста жылжылмалы вагонда тұрады.

Клара Битемірованың бір бүйрегі жоқ. Қала берді құлағы да дұрыс естімейді. Соның салдарынан дені дұрыс жұмыс та жасай алмайды. Мемлекет тарапынан берілетін тоқсан сайынғы 12 000 теңге жәрдемақы тіпті тамақтарына да жетпейді екен.

Осындай аянышты күйді көрген көршілері бұл отбасы алдағы қыстан шыға алмай қала ма деп қорқады. Тіпті олар қолдарынан келгенше азық-түлік пен ескі киім кешектерін беріп, көмектесетіндерін айтуда.

Ал Шымкент қаласының Абай ауданы әкімдігі болса, Клара Битемірованың жағдайынан хабардар. Шенділер мереке мен Рамазан айы кезінде тегін азық-түлік пен балалар киімін тарататынын айтқанымен, жалғызбасты анаға қашан баспана берілетінін білмейді.

Қыс болса жақын қалды. Отбасының қақаған аязда қалай өмір сүретінін көзге елестету мүмкін емес.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/895236-shymkentte-zhalghyzbasty-syrqat-ana-bal.html