RU

Қазақстанда жыныстық қатынасқа салық салу ұсынылды

Қазақстан мұсылмандарының одағы (ҚМО) мен Орталық Азиядағы адам құқықтары бойынша мұсылмандар комитеті (ОА АҚМК) елімізде сексуалды салық енгізу ұсынысын жасады. Мұндай ұсыныс жидектер мен саңырауқұлақтар жинауға үкіметтің салық енгізуінен кейін туындаған.

Ұйым басшысы Мұрат Телібековтің Facebook парақшасында жарияланған ҚМО баспасөз хабарламасында одақ қызметкерлері жетекші экономистер және сексологтармен ақылдаса отырып, интимдік салаға салық салудың жүйесін ойластырып қойғаны айтылады.

«Заңды некеге тұрған әрбір қазақстандық 1 жыныстық қатынас үшін 584 теңге төлеуге міндетті. Егер жыныстық қатынас азаматтық некедегілердің арасында болса, салық 748 теңгені құрайтын болады. Некесіз жыныстық қатынас – 1893 теңге. Гейлер мен лесбилердің жыныстық қатынасы – 2741 теңге. Дәстүрлі емес жыныстық қатынас – 4892 теңге», - деп ҚМО өкілдері алдын ала салық мөлшерлемелерін анықтап қойған.

Сонымен қатар хабарламада 1 жыныстық қатынастың ұзақтығы 14 минуттан аспау керектігі жазылған. Асқан жағдайда қосымша салықтар төлейтін болады. Ал шетелдіктер үшін салық құны екі еселенеді.

Бұл салыққа жеңілдіктер де қарастырылған екен. Мәселен мүгедектер мен зейнеткерлер салықтан босатылған, ал жыныстық қатынасқа түсушілердің бірі мемелекеттік тілді меңгерген болса, салық 50%-ға қысқартылады. Қалған санаттағылар жыныстық қажеттіліктерін толық қанағаттандырғысы келсе, "ақылы билеттер" сатып алады.

«Әр қазақстандық ай сайынғы абонемент немесе 1 жылдық ақылы билет сатып ала алады. Бұл олардың қаражатын үнемдеуіне септік болады. Заңды бұзған жағдайда кінәлілер 500 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Немесе қоғамдық жұмыстарға жегіледі», - дейді ҚМО.

Ұйым, сонымен қатар полицияда тұрғындардың сексуалдық өмірін қадағалайтын арнайы бөлім ашу керек деп санайды.

«Заңның орындалуын бақылайтын арнайы бөлімдер ашу керек. Полицейлер тұрғындардың сексуалдық өмірін бақылауға алу үшін үйлеріне ескертусіз кез келген уақытта кіріп, тексеріс жүргізу құқығын иеленуі тиіс», - делінген хабарламада.

ҚМО сексуалды салықтан түскен бар табыс мемлекеттік бюджетке аударылып, қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығын жақсартуға және венерологиялық аурулармен күреске жұмсалатын болады дейді.

Мұсылманның құқығын қорғаушылар адам өміріндегі мұндай маңызды саланы қараусыз қалдыруға болмайтынын алға тартты. Демографияда жетістіктерге жетіп, халықтың рухани тәрбиесін көрету үшін тұрғындардың сексуалды өмірін мемлекет өз бақылауына алуы қажет дейді ұйым мүшелері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/895325-qazaqstanda-zhynystyq-qatynasqa-saly.html