RU

Каспийдегі оқу-жаттығу барысында 19 және 23 жастағы сарбаздар қаза тапқан (фото)

Қорғаныс министрлігінде алдын ала деректер бойынша, оқу-жаттығу барысында мерзімін өтеуші төрт сарбаз суға кеткен жазатайым оқиға жайлы хабарлады.

КТК арнасының хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданынан әскер қатарына алынған 19 жастағы Бауыржан Жолдыбай мен Атырау облысы, Құлсары ауданынан шақыртылған Асылжан Махамбетов қаза тапқан.

Сонымен қатар, суға кеткендер қатарында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданынан келген 23 жастағы Замир Әділов пен Атырау облысы, Мақат ауданынан шақыртылған 19 жастағы Бақытжан Қалыбай бар.

Бүгін, 18 қыркүйекте, Ақтауда «Орталық-2015» оқу-жаттығуының «Орталықазиялық стратегиялық бағытта әскер тобымен операция жүргізу» 2-ші кезеңінің «теңіз десантын түсіру және плацдармды бұғаттау» эпизоды барысында теңізге 6 бірлік БТР-80 мен 52 әскери қызметші шықты.

Теңіз бойынша 150 метрді еңсерген кезде қатты жел салдарынан толқын жоғары көтеріліп, 4 бірлік БТР-80 суға батып кетті. Екі бірлік техника өз күшімен жағалауға жетті. Алдын ала дерек бойынша, мерзімді қызметтің 4 әскери қызметшісі суға кетті.

Қорғаныс мминистрі Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясына арнайы топ құрып, оқиғаның мән-жайы мен егжей-тегжейін толықтай анықтау үшін оқиға орнына жедел ұшып жетуге тапсырма берді.

Бұл жағдайды Қорғаныс министрі өз бақылауына алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/895862-kaspiyde-oqu-zhattyghu-barysynda-4-sarba.html