RU

Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының оқу ақысы қандай?

Биыл білім грантына ие бола алмаған талапкерлер жылына 275 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін жететін ақылы бөлімде оқуға мәжбүр. Бүгінде республикадағы жетекші жоғары оқу орындарының оқу ақысы қандай екенін 31 арна саралап көрді.

Биыл елімізде 124 мыңнан аса түлек мектеп бітіріп, олардың 32 мыңы ғана мемлекеттік грантқа ие болды. Ал білім грантына ие бола алмаған студенттің бірі Ұлдана Жиенқұл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2 курс студенті.

Ақтау қаласынан білім қуып келген бойжеткен орыс тілінсіз 93 балл жинаса да, грантқа іліге алмаған. Енді жылына жарты миллионнан асатын оқу ақысын төлеу ата-анамның мойнына ауыртпалық болып отыр дейді.

"Мен жылына 620 мың теңге оқу ақысын төлеймін. Ертең менің артымнан өсіп келе жатқан менің сіңлілерім, менің інілерім дәл осы қарқынмен оқу ақысы көтеріле беретін болса, олар миллион теңгеге білім алады ма?", - дейді студент Ұлдана Жиенқұл.

Алайда қазірдің өзінде елімізде миллиондар төлеп білім алып жатқандар аз емес. Мысалы, "КИМЭП" университетінде 1 кредит бағасы 50 мың теңге. Сонда жылына шамамен әр студент 1 миллион 700 мың теңгеге білім алады. Ал университет басшылығы "КИМЭП"-тің әлемдік деңгейдегі білім беретін Қазақстандағы ең таңдаулы жоғары оқу орны екенін алға тартады.

"Ата-аналар балаларының әлемдік стандартта білім алғанын қалайды. Ал Америка мен Еуропада оқу ақысы тіптен қымбат. Сондықтан біз студенттерге жоғары дәрежедегі сапалы әрі қолжетімді бағаны ұсынып отырмыз", - дейді "КИМЭП"-тің академиялық мәселелер бойынша вице-президенті Дэвид Лэндис.

Бүгінде еліміздегі ең қымбат жоғары оқу орындарының қатарын Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) бастап тұр. Бұл білім ордасының оқу ақысы 1 миллион 950 мың теңгеге дейін жетеді. Сүлеймен Демирел университеті (SDU) студенттерге  550 мыңнан - 1 миллион 150 мыңға дейінгі оқу ақысын ұсынады. Сондай-ақ, (графика....) Ұлттық университеттердегі баға да әртүрлі. Мысалы, Асфендияров атындағы медициналық университетте (ҚазҰМУ) - 770 мың теңге болса, Еуразия Ұлттық университетіндегі (ЕҰУ)  баға 700 мың шамасында.

Ал әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте (ҚазҰУ) 620 - 700 мың, Жүргенов атындағы Өнер академиясында (ҚазҰӨА) - 493 мың, Абай атындағы университетте (ҚазҰПУ) 424 мыңнан - 567 мыңға дейін болса,  аграрлық университеттегі (ҚазҰАУ) баға 385 мыңнан басталады.

Аймақтардағы баға да аз емес. Шығыс Қазақстан мен Ақтөбе мемлекеттік университетінде 343 мыңнан-443 мың теңгеге дейін. Қарағанды мемлекеттік университетінде 378 мыңнан - 456 мыңға жетіп тұр. Ал Тараз мемлекеттік университеті (ТарМУ) республикадағы ең төмен бағаны ұсынады. Оқу ақысы -275 мың.

Ал оқу ақысы ең қымбат әлі де болса экономика және заңгерлік саладағы мамандықтар болып отыр. Сондықтан, жақын арада ештеңе өзгере қоймайтын сияқты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/895979-qazaqstandaghy-zhetekshi-zhoghary-oqu-ory.html