RU

Алдағы қыста семейліктер бүрсең қағуы мүмкін

Семейдің тұрғындары шынымен де биыл қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдаулы деп хабарлайды КТК арнасы.

Себебі, коммуналдық кәсіпорын бір ықшамаудандағы құбыр ауыстыру жұмысын әлі күнге бітірмей жатып, екінші елді-мекендегі 18-ге жуық көп қабатты тұрғынүйдің ауласын бүтіндей қопарып тастаған. Енді жұрт осы жағдайдан шошып отыр. Ал тапсырысты орындаушы мердігер ай соңына дейін барлық жұмысты аяқтаймыз деп ант су ішті.

«Дорожник» ықшамауданындағы көпқабатты 18 тұрғын үй ауласының астан-кестеңі шығып жатыр. Бұл аумақты бульдозердің қопарып тастағанына бір айға жуықтаған. Осы уақыт ішінде олар бір үйдің де жылу жүйесін жаңартпапты. Енді тұрғындар күн суытқанда жылусыз қаламыз ба деген үрейде отыр. Жазда арқаны кеңге салып, санаулы күн қалғанда іске көшкен шенеуліктердің бұл әрекеті жұрттың шымбайына батты.

"Ойларына келгенін істеп отыр. Алдымен бір жерді қазып орнатып алмай ма. Одан кейін қазсын басқасын. Оларда жұмысшы да жоқтың қасы. Көріп жүрміз. Таңнан түске дейін екі метр жерді тазалайды", - дейді Семей қаласының тұрғыны Вера Шестакова.

Кеңес кезеңнен қалған құбырларды тот басқандықтан сықырлаған сары аязда бұл баспаналар жанға медеу болып жылымаған. Тіпті, кейбіреулері үйлеріне қосымша от жағатын пештер орнатып алған екен.

"Отты жақсы жаққанда ғана үйіміз жылиды. Әйтпесе, үйдің температурасы суық күндері 9-10 градустан асқан емес. Қабат-қабат киініп жан бағамыз", - дейді Семей қаласының тұрғыны Вера Розе.

Ал мердігерлердің айтуынша, атқарылуы тиіс жұмыстың жартысынан астамы аяқталған. Енді ескі құбырлардың орнына төселуге тиіс жаңасын күтіп отыр. Ол, кешігіп жатқандықтан жұмыстары тұралап қалғанын жасырмады.

Тұрғындарды баспаналарына өздері орнатқан пештерден арылту үшін «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде қазынадан қыруар қаражат бөлініпті. Атап айтқанда, 247 млн теңге. Ал әзірге қолда бар 156 млн-ға жылу жүйелерін жаңарту көзделген. Қалғаны келер жылы жылу қазандығын орнатуға жұмсалмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/896072-aldaghy-qysta-semeylikter-bursenh-qaghu.html