Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік саудагерлер Бердібек Сапарбаевты алдап соқты

Опубликовано:

Ақтөбе базарын аралаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты базар саудагерлері алдап соқты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбенің «Табыс» базарындағы жәрмеңкеге келген әкім 850 теңгеден сатылып жатқан ет бағасына «жақсы» деп баға беріп, алайда ойынан тез айнып қалды. Баға жазылған қағазды қолына алып, екінші бетіндегі бағаны көргенде әкімнің түрі бірден бұзылып кетті.

Белгілі болғандай, қағаздың екінші бетіндегі жазу ет бағасы 900 теңгеден сатылып жатқанын нұсқаған. Ашуына мінген басшы қағазды қақ бөліп, орынбасарының қолына ұстатты. Жыртылған қағазды қолына алған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев, әкім мен халық алдында ақтала алмай мүдірді.

Ал сатушы қағаз менікі емес дегеннен басқа жауап қайтара алмады.

Өз кезегінде әкім базардағы бағаны негізсіз көтеретіндер жауапқа тартылатынын қатаң ескертті.

"Кім алдайды соған айыппұл салу керек! Және келесі де ол адам бұл жерде тұрмайтын болады. Енді, мына 850 теңгеден сатылып жатқан ет бағасын ауыстырмаңдар! Екі баға болмасын! Тексеріс келгенде бір, кеткенде басқа баға болмауын қадағалаңдар. Бағаны үнемі тексеріңдер. Қосып сату болмасын", - деп тапсырма берген Сапарбаев жауапты мамандарды ел алдында масқаралады.

«Табыс» базарының жағдайы да әкім көңілінен шыққан жоқ.

«Базар іші өте тар, санитарлық талаптарға сай емес. Қалай жұмыс жасап тұр?», - деген Сапарбаев жерде шабылып жатқан еттерді көріп шошынды.

«Мынау, не, масқара! Етті жерде шаппай, санитарлық талапты орындаңдар!», - деп базар басшылығын сөкті.

Бұл жаңа әкімнің Ақтөбені ресми түрде алғаш аралауы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/896273-aqtobelik-saudagerler-berdibek-sapa/

pixel