RU

«Еуразия» кинофестиваліне қымбат жұлдыздар шақырылмады

Алматыда өтіп жатқан 11-халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Фестиваль бұл жолы өзгеріске толы.

«Жаңа қазақ толқыны» режиссерлерінің бірі әрі көрерменге 1980 жылдардың аяғында «Ине» фильмі арқылы танылған Рашид Нұғманов – кинофестивальдің жаңа тағайындалған бас директоры. Ол келген соң конкурстан тыс жаңа бағдарламалар (деректі, қысқа метражды және балалар киносы) қосылып, кинофестивальді өткізу тәсілі өзгерген. Ол киножұлдыздарды шақыру дәстүрінен бас тартқан. Кинофестивальді кинематографистер, кинопрокатшылардың іскерлік байланыс алаңы ретінде пайдалануға көбірек мән берілген.

Бірақ 11-халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде актрисалар Наталья Орынбасарова, Татьяна Друбич және Динара Друкарова сияқты бірнеше құрметті қонақ болды.

Сыртқы атрибуттарынан кинофестивальдің логотипі де өзгеріп, барыстың орнына садақ пен жебе бейнеленген. Кинофестивальдің сайты да толық жаңарған. Сайттағы ақпарат орыс және ағылшын тілдерінде ғана жарияланғаны күтпеген жаңалық болды. Кинофестивальді мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақфильм» киностудиясы және Алматы әкімдігі сияқты мемлекеттік органдар ұйымдастырып, өткізіп жатқанымен, сайтта қазақ тілінде ақпарат жоқ. Жаңартылған сайтта бұрынғы кинофестивальдар жайлы да ешқандай ақпарат жоқ.

Кинофестивальдің толық коммерциялық шараға айналып кеткені де тосын жаңалық болды. Енді фильм көрсетілімдерінің барлығына билет сатып алу қажет. Бұл талап фестивальға енген фильмдер көрсетілетін орын қожайындарының қалауымен енгізілген сияқты. Биыл бұл таңдау Kinopark киножелісіне түскен. Рас, олар билет бағасын арзандатып, 700 теңге деп белгілеген әрі студенттер мен балаларға жеңілдік жасаған.

11-халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанаты мен қызыл кілемнің үстімен жүріп өту рәсімі де үйреншікті орыннан тыс – қаланың шетіндегі Esentai Moll сауда орталығында өтті. Сондықтан Алматыдағы Республика сарайы алдындағы Абай алаңындағыдай емес, бұл жолы қала тұрғындары аз жиналды.

Кинофестиваль конкурсы аясында 10 шығарма көрсетілмек. Ресейлік кинотанушы әрі мәдениеттанушы Кирилл Разлоговтың басқаруымен іріктелген фильмдердің арасында Грекия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия режиссерлерінің туындылары бар. Бірақ бұл фильмдер – режиссерлердің жартысының дебюттік немесе екінші жұмыстары.

11-халықаралық «Еуразия» кинофестивалі конкурсындағы ең тәжірибелі режиссерлер арасында бұған дейін 14 фильм түсірген ресейлік Ирина Евтеева мен бес кинокартина түсірген қазақстандық кинорежиссер Ермек Тұрсынов бар. Ресейлік режиссер – «Арвентур», Ермек Тұрсынов «Жат» фильмін ұсынған.

Конкурстық фильмдердің арасында драма жанры басым. Фэнтези жанрында түсірілген екі фильм бар. Бұлардың бәрі (кейбірі 2014 жылы) өзге елдерде өткен кинофестивальдерде көрсетілген фильмдер.

Алматыдағы кинофестиваль фильмдері «Бүгінгі Азия», «Бүгінгі Еуропа», «Балалар Еуразиясы», «Деректі Еуразия», «Қысқа метр», «Ерекше көзқарас» бағдарламалары аясында көрсетіледі.

«Еуразия» кинофестивалінің ашылуы мен бірінші алматылық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің ашылуы бірге болды. Биылғы фестивальде Орталық Азия режиссерлерінің 10 фильмін көрсетуді ұйғарған. «Қазақ панорамасы» бағдарламасында 2013-2015 жылдары түсірілген қазақстандық 10 фильм көрсетілмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/896893-euraziya-kinofestivaline-qymbat-zhu.html