RU

ОҚО-да оқушылардың мектептегі төбелесі бейнекамералардың бірде-біріне жазылмаған

ОҚО-да Ордабасы ауданының орталығындағы оқушылар төбелесі мектепте бейнекамералардың бірде-біріне жазылмаған деп хабарлайды otyrar.kz.

Жоғарғы сынып оқушыларының арасындағы кикілжің мектептің екінші қабатындағы сабақ өтетін бөлмеде болған. Осыған дейін 11-ші сынып шәкірті 10-шы сынып оқитын балаға жұдырық жұмсап, аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығарғанын хабарлаған едік.

Бірақ текетірес барысы білім ұясындағы бейнекамералардың бірде-біріне жазылмапты. Ал директор болса, аты дардай гимназияда тосын оқиға болғанына әлі де аң-таң.

«Енді оны өзімізде білмей отырмыз. Осы уақытқа дейін біздің гимназиядан мұндай оқиға тіркелмеген. Бала қазір ауруханада. Ал жалпы мұнымен ішкі істер бөлімі айналысып жатыр», - дейді «Кәусар» гимназиясының директоры Шолпан Шәдіқожа.

11-ші «б» сынып оқушысының бұндай бұзықтығы болмаған деп мектеп басшысы ант су ішті. Ал жәбірленуші шәкірттің үлгерімі тіпті жақсы екен. Мұны сыныптағы топ басшылары да растап отыр.

Қазір жәбірленуші оқушының жан сақтау бөлімінде жатқанына бүгін осымен екінші тәулік. Жасөспірімге дәрігерлер бірден ота жасапты.

«Ота жасаған кезде ішінен жарылған экинококты көрдік. Оны ота жасап, алып тастадық», - деді Ордабасы аудандық ауруханасының дәрігер хирургі Ибрагим Саниязов.

Қазір осы оқыс оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр екен. Бірақ әзірге текетірестің неден шыққаны белгісіз

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/897059-oqo-da-oqushylardynh-mekteptegi-tobele.html