RU

Телібеков жыныстық қатынастан түскен салық қиын кезде ел қазынасын толтыратынын айтты

Небір қыңыр бастамаларымен танымал атышулы Мұрат Телібеков жыныстық қатынас үшін салық үкіметке үлкен жәрдем болатынын мәлімдеді деп хабарлайды КТК арнасы.

"Ер адам мен әйел адам бір-біріне қатты жақындаса, сол үшін үкіметке салық төлейді. Қазіргі қиын кезде, дағдарыс кезінде бұл үкіметке үлкен қамқорлық, үлкен жәрдем болады деп ойлаймын", - дейді Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков.

Қазақстан мұсылмандар одағының басшысы мұны салықты көтергелі жатқан билікке жауап ретінде ұсынғанын бұған дейін жариялаған болатынбыз.

Маман, тіпті экономистер және салықшылармен ақылдасып, жыныстық қатынас құнын анықтаған. Мәселен, заңды некедегі адамдар бір рет төсектес болғаны үшін 584 теңгеден төлеуі тиіс.

Азаматтық некедегілер 748 теңгеден қағылса, некесіз болған жақындықтың құны 1893 теңгені құрайды. Сондай-ақ, дәстүрлі емес және біржынысты жақындықтың да құны анықталған. Ол әлдеқайда қымбат.

Телібеков зейнет жасындағыларды және мүгедектерді бұл салықтан босатса, ана тілінің жанашыры ретінде қазақ тілін меңгерген адамдарға 50 пайыздық жеңілдік көрсету керек дейді.

Ал кімнің қашан және қанша рет жыныстық қатынасқа түскенін білу үшін арнайы полиция құрып, жұрттың үйіне ешбір ескертусіз баса-көктеп кіруге құқық беруді ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/897407-telibekov-zhynystyq-qatynas-ushin-saly.html