RU

Сенаторлар жайма базардағы әжейлердің саудасын жүргізетін болды

Сенат депутаттары далада өздерінің бау-бақшасында өсірген жеміс-көкөністерін сатып, нәпақа табатын қарт әжейлерге жанашырлық танытты.

Бүгін Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралды. Оны талқылау барысында депутаттар даладағы ұйымдастырылмаған сауда-саттық мәселесін көтерді.

«Астанада супермаркеттердің жанында ұйымластырылмаған сауда-саттық қанат жайған. Бірақ, бұл жердегі әжейлер мен аталар өздерінің бау-бақшасында өсіретін таза жеміс-көкөністерді сатады. Олардың ресми түрде базардан орын алатын жағдайы жоқ, өйткені орын алу қымбат. Осы заң жобасында далада сауда жүргізетін әжейлерге арнайы орын бөлу қарастырылып отыр ма? Әлеуметтік базар болса, олар осы жерде өнімдерін арзан бағамен сатса қалай болады? Мәселен, өз басым базардан гөрі, осы әжейлерімізден сатып алғанды жөн көремін. Тазалық байқалып тұрады, әрі өнімнің бағасы да аса қымбат емес», - деді комитет төрағасы Талғатбек Абайділдин.

Бұл сұраққа жауап бергенҰлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов бау-бақша өнімдерін сатушылардың «Кәсіпкерлік қызмет туралы» заңда бөлек санатқа енгізілгенін және оларға арнайы орындар қарастырылуы керектігін атап өтті.

«Тұрақты түрде сауда жасамайтын адамдар үшін орын қарастырылған. Біріншіден, жәрмеңке өткізуге мүмкіндік бар. Жергілікті атқарушы органмен келісіліп, жәрмеңке орны анықталады. Оған қатысқаны үшін төлем алынбайды. Жергілікті атқарушы орган сауда орындарын анықтайды, олар сауда сөрелерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Ол жерде инфрақұрылым, абаттандыру жұмыстары бойынша талаптар өте аз болуы керек», - деп толықтырды вице-министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/897727-senatorlar-zhayma-bazardaghy-azheylerd.html