RU

Ақтөбеде мектепке барғысы келмеген оқушы 4 тәулік бойы саяжайда жүрген

Ақтөбеде 13 жастағы мектеп оқушысы Василий Корчагин төрт тәуліктен соң табылды. Бұл туралы "Керек. info" тілшісіне жергілікті полицияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқушы 21 қыркүйек күні Ақтөбенің “Мәскеу” деп аталатын ауданынан табылған. Бала аман-есен.

"Кәмілетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспекторлардың анықтауынша, оқушы осы кезге дейін “Ақжар” ауылындағы өз отбасына тиесілі саяжайда болған. Қарны ашып, іші пысқандықтан қалаға оралып, көше кезіп жүрген жерінен табылды. Инспекторлар одан із-түссіз жоғалып кетуінің себебін сұрағанда бала “мектепке барғым келмейді” деген. Ата-анасының қолына тапсырдық1", - деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.

“Керек. info” тілшісі Василий Корчагиннің үйіне де хабарласты. "Ең бастысы, тірі екен. Қазір жуынып жатыр",-деді жоғалған баланың ағасы Станислав:

Жоғалып табылған бала Ақтөбедегі №27 мектептің оқушысы. 7 класта оқитын Василий Корчагиннің мектеп ауласында ойнап жүргенін 17 қыркүйек күнгі сағат 16.00-дер шамасында сынып жетекшісі көрген.

Мұғалім сол күні кешкілік оқушының үйіне хабарласып, ұлдарының сабаққа келмегенін айтады. Сол кештен бастап оқушыны туыстары мен полиция төрт тәулік бойы іздеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/898353-aqtobede-mektepke-barghysy-kelmegen-o.html