RU

Сарапшы доллар бағамының жыл соңында 320 теңгеге жететінін айтты

«Теңгені еркін ағымға ертерек жіберу керек еді» деп санайды отандық сарапшылар. Осындай қадамға алдын-ала қамданғанда, қазіргідей доллар дамылсыз шарықтамас еді деген сарапшы пікірін Алматы арнасы жария етті.

Есесіне, Ұлттық банктен ұшқан 28 миллиард доллар қорда қалатын ба еді? Жыл соңына дейін көк қағаз құны қаншалықты көтерілуі мүмкін?

Теңгенің тағдырын таразыға салған отандық сарапшылар онсыз да құнсызданып бара жатқан төл валютамыз әлі де әлсірейді дегенді алға тартады.

Экономист Айдар Әлібаевтың бұған дейін доллардың бағамы 300 теңгеге дейін теңеседі деген болжамы да, тура 16 қыркүйек күні сәйкес келген еді.

Естеріңізде болса, Ұлттық банк бұл жағдайды тұрақтандыру үшін нарыққа 144 миллион доллар көлемінде қаржы шығарған болатын. Осының арқасында 300 теңгеге дейін шарықтап кеткен доллар құны 270 теңгеге дейін төмендеп, көк қағаздың «мысы» басылды. Осылайша, бас қаржы институты бас-аяғы үш күнде 482 млн доллар жұмсады.

«Жыл соңына дейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 320 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал, Ұлттық банк теңгені тұрақтандыру үшін қомақты қаражат жұмсағаннан кейін төл валюта толықтай еркін ағымға жіберілді деп айта алмаймыз», - деді экономист Айдар Әлібаев.

Былтыр теңге құнының 20 пайызға дейін әлсіреуі Ұлттық банкке «сабақ болуы» керек еді дейді сарапшылар. Оның үстіне өткен жылдан бері теңге бағамын ұстап тұру үшін Ұлттық банк 28 млрд доллар жұмсаған.

Соның ішінде осы жылдың басынан бері 10 млрд доллар шығынға ұшыраған. Қыруар қаржыны жұмсағанша, төл валютаны еркін ағымға ертерек жіберген жөн дегенді алға тартады экономистер.

«Алдағы 10 жылдың ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта болмайды. Әлемде 75 пайыз есеп айырысу доллармен жүргіледі. Сондықтан долларсыздандыру саясаты жөнінде айту әлі ерте. Ал, халықтың теңгеге деген сенімін арттыру үшін банктер тиімді тәсіл ұсыну керек», - деді Білім және ғылым министрлігі экономика институтының профессоры Болат Құсайынов.

Әйтсе де, қазір теңге күш алды. Доллар курсы 270 теңгеге қайта оралып, Қазақстан қор биржасындағы кешкі сауда-саттық көлемі 7 миллион доллардан асып жығылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/898784-sarapshy-dollar-baghamynynh-zhyl-sonhynda-320.html