RU

Алматыда трамвай соққан көліктен шығарылған келіншек жан сақтау бөлімінде жатыр

 Алматы дәрігерлері трамвайдың қатысуымен болған апаттан зардап шеккендердің жағдайы жайлы айтып берді. Зардап шеккен 5 адамның бірі жансақтау бөлімінде жатыр.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы Нұржан Исабековтың айтуынша, жол апаты салдарынан 5 адам жапа шегіп, олардың екеуі шұғыл медициналық жедел жәрдем ауруханасына, біреуі орталық клиникалық ауруханаға, біреуі №4 қалалық ауруханаға, соңғысы №7 қалалық аурухунаға жеткізілді.

«Ауруханаға жеткізілген адамдардың 2-еуі үйіне жіберілді. Оларға амбулаторлық емдеу курсы жазылды. Ауруханаға жатқызылған үш науқастың бірі омыртқа, көкірек омыртқасының жарасымен, жұлын және жұмсақ тіндердің жаралануымен жансақтау бөлімінде жатыр. Бір науқас травматология бөлімінде жатыр. Оның бас миы шайқалған, жұмсақ тіндері жараланған», - деді ол.

Мамандардың айтуынша, науқастардың ішінде ең ауыр жарақат алған келіншек қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оны құтқарушылар қираған көліктің ішінен алып шыққан.

«Ол келіншектің омыртқасы орнынан қозғалған. Жұлынның жұмысы бұзылған. Ауруханаға түскен соң дәрігерлердің консилиумын жинап, сынған омыртқаға шұғыл түрде  ота жасалды», - деді хирург.

Оның айтуынша, трамвай жүргізушісі де қарақұсынан жараланған. Жұмсақ тіндеріне ауыр соққы тиген. Әйел тексеруден соң үйіне босатылды.

Айта кету керек, жол апаты кеше Байтұрсынов Шевченко көшелерінің қиылысында болған. Жолаушыларды түсірген соң әйел жүгізуші көлікті қарауға сыртқа шыққан. Сол кезде өздігінен Байтұрсынов көшесімен құлдилай жөнелген жеңіл рельсті көлік жолындағы 14 көлікті қиратып барып тоқтады.

Қазір аталған дерек бойынша тергеу жұмыстары басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/898931-almaty-tramvay-soqqan-kolikten-shyghar.html