RU

Алматыда экс-шенеуніктің туған бауыры жалғызбасты әйелдің жерін тартып алды

Алматыда тағы бір экс-шенеуніктің туыстарының аты дауға ілікті. Бір кездері Алматы облысының әкімі болған Шалбай Құлмахановтың інісі Шайбай Құлмаханов жалғызбасты анамен жерге таласып жатыр.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Гөзел Сағынтаева тау етегіндегі жер телімін 2002 жылы сатып алғанын айтады. Алайда өз жерінің жаңа қожайыны бар екенін былтыр құжат рәсімдегенде бір-ақ білген. Құлмахановтың да өз уәжі бар.

Жасыл желекпен көмкеріліп, жемісі төгіліп тұрған тау баурайындағы 10 сотық жерді Гөзел Сағынтаева осыдан 13 жыл бұрын сатып алған. Былтыр бұл аумақ облыстан қалаға қосылған кезде құжаттарын қайта рәсімдейін деп барса, жердің жаңа қожайыны пайда бола қалыпты.

"Арыз бердім сотқа. Өйткені, қалай ол? Өзіңнің сатып алған жеріңді тиянақтап жинаған ақшаңа бір уақытта басқа бір кісі болады? Ол басқа бір кісі – Шайбай Құлмаханов деген кісі", - дейді Гөзел Сағынтаева.

Шайбайдың ағасы Шалбай Құлмаханов кезінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған белгілі тұлға. 2001-2005 жылдары Алматы облысын да басқарған. Інісі Шайбай да даулы жерді дәл сол уақытта иемденген екен.

Тек, тау бөктеріндегі керемет жер телімін алуға бұл кісінің фамилиясы біраз ықпал жасаған сияқты. Себебі, телефон арқылы Гөзелге мынадай әңгімелер айтқан.

"Бұл ешкімге берілмейді. Қарасай ауданында тек мен ғана алдым. Менің фамилиям Құлмаханов. Менімен салғыласудың қажеті жоқ. Маған хабарласудың да керегі жоқ. Адамның өзі проблемаға айналады. Жұмысшылар түрмеде отыр. Олар отыратын болады", - дейді

Шайбай Құлмаханов.

Ал Шайбай мырзаның өзіне хабарласқанымызда Құлмаханов деген фамилияның құдіреті жайлы тіс жарған жоқ. Тек құжаттарының барлығы заңды екенін айтып, ақталып бақты.

"Менің қолымда жер  кадастрдың құжаты  бар қаланың, бір ма, облыстікі бар, аудандікі бар, бәрі заңды. Былжырамасын, басты қатырмасын, мен 2001 жылдан бері тұрып жатырмын ғой  сол жақта", -дейді Шайбай Құлмаханов.

Аудандық сот та шешімді Құлмахановтың пайдасына шығарыпты. Содан жалғызбасты ана қалалық сотқа талап арыз түсірген. Бірақ, мұнда да қанағаттанарлық шешім шыққан жоқ.

"Бір адамның жер теліміне келіп орныға бастауы өзге адамның иелік етуіне кедергі бола алмайды. Сондықтан арыз түсірушілердің қойған талабы тек кей тұстары ғана қанағаттандырылды. Ал бұрынғы сот шешімі өз күшінде қалады", - деді  Алматы қалалық сотының судьясы Гүлнар Қожаханова.

Яғни, сот шешіміне салса, аталған жер Құлмахановтардың еншісінде қалайын деп тұр. Демек, Гөзел Сағындықованың талай жылғы табан ет, маңдай тері далаға кетпек. Алайда, ол істі бұлай қалдырмай, меншігін қайтару үшін барлық сот инстанцияларына шағымданбақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/901057-almatyda-eks-sheneuniktinh-tughan-bauyr.html