RU

Алматыда көпқабатты 16 тұрғын үй құлайын деп тұр

Алматы қаласының «Көктем-1» ықшам ауданындағы тұтас бір көпқабатты үй апатты жағдайда тұр. Үйдің қабырғасы қақырап, іргетасы сөгілген.

Бостандық ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары арнайы тексеріп барып, бар-жоғы 5 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Заңның талабы осы ғана.

Тозығы жеткен көпқабатты үй әлі күнге жөні түзу жөндеу көрмеген. Сыртқы сылақтары түсіп, есік-терезелері бүлінген. Жұрттың пәтер иелері кооперативіне өкпесі қара қазандай. Өйткені өткен айда электр желілерінің тұйықталуынан отқа оранған көпқабатты ғимарат толық жөнделмепті.

«Ақшаны жақсылап тұрып жинайды. Жылына 2 рет жиналыс өткізеді. Бірақ жиналыста ешкім жиналмайды. Жиналмағанан кейін ол өтірік қол қойып, өздігімен шешім шығарып қояды»,- деді тұрғын Рымкеш Уахитқызы.

Ал, өз ісіне салғырт қарайтын ПИК басшыларына Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана айыппұл сала алады.

«Жалпы бұл өрт қауіпсіздік ережелері сақталмағанын айта кетуге болады. Өрт дабылының және түтін шығу жолдарының істемейтінін анықтадық»,- деді Бостандық ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің капитаны Бауыржан Бейсенқанов.

Жалпы Алматы қаласы Бостандық ауданында 161 көпбақатты үй бар, олардың 16-сы осы шу шыққан «Көктем-1» ықшам ауданының кебін киген.

Яғни, кез келген сәтте өрт шықса, жұрттың жанын сақтап қалуы екіталай дейді мамандар. Жауаптыларға жүктелер айыппұл 5 айлық көрсеткіш қана, ешбірінің мұртын балта шаппайды. Тәртіпке келмейтіндері де содан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/901748-almatyda-16-qabatty-turghyn-uy-qulayyn-de.html