RU

Өскемен шенеуніктері ит пен мысық сатып, бюджетке түсетін кірісті көбейтпек

Өскеменнің шенеуніктері қала қазынасын қаңғыбас ит пен мысықты сатып, толықтырмақшы деп хабарлайды КТК арнасы.

Басшылар шығарған жаңа қаулыға сай, бұдан былай көшеден табылған иесіз жануарды тұрғындар әкімдіктегі арнайы бөлімге жеткізуі тиіс. Бұл жерде төрт аяқты қағаз жүзінде коммуналдық меншікке айналады. Иесі табылмаса, кейін ол аукцион арқылы сатылмақ.

Мария Сушко мысықты жуырда ғана асырап алыпты. Шенділердің жаңа қаулысын естіген ол әлі жан-жағына үрке қарайтын марғауын көзден таса қылмауға тырысады.

Ал қаулыға сай көше кезген жануардың шын иесі табылған күннің өзінде ол арнайы комиссияның алдында төрт аяқтының өзіне тиесілі екенін дәлелдеуі керек.

"Егер мысық дәл комиссияның алдында қырсығып, маған келмей қойса ше? Кейде үйде де шақырғанға келе қоймайды. Сонда мен оның иесі екенімді қалай дәлелдеуім керек?", - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Мария Сушко.

Төрт аяқтының өзіне тиесілі екенін дәлелдеген адам оны ұстауға кеткен шығынды өтеп, үйіне әкете алады. Ал иесіз қаңғыбастардың жайы өзгеше.

"Мәселені шешудің үш жолы бар. Алдымен аукцион арқылы сатып көреміз, болмаса арнайы дүкенге сатуға қоямыз. Егер аламын деушілер табылмаса, тілек білдірген жандарға тегін таратамыз", - дейді Өскемен қалалық әкімдігінің сектор меңгерушісі Айжан Оразғалиева.

Егер төрт аяқтыны тегін аламын деушілер де табылмаса, онда қаңғыбас ит не мысыққа ұйықтататын дәрі егіледі. Бұған әрине жануар жанашырлары үзілді кесілді қарсы.

"Иесіз ит-мысықты тегін тарата алмай әлекпіз. Тіпті толық дәрігерлік тексеруден өткізіліп, қажетті екпелерді алғандарының да ешкімге керегі жоқ. Ал оны аукцион арқылы кім алады?", - дейді «Спаси жизнь» қоғамдық ұйымының төрайымы Ирина Кретинина.

Көшеден табылып, коммуналдық меншікке айналған жануар қанша мерзімде сатылуы тиіс, иесі табылғанша ол қайда тұрады, оған кім күтім жасайды?

Бұл мәселелердің ешқайсысы әлі нақтыланбаған. Төрт аяқтыларды тегін тарата алмай жүрген қоғам белсенділері шенділердің қазынаны осы жолмен толықтырамыз деген әрекетін ақымақтық дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/901860-oskemen-sheneunikteri-pen-mysyq-sat.html