RU

Қостанай қаласының әкімі мен еліміздің Италиядағы жаңа Төтенше және Өкілетті елшісі тағайындалды

Осы аптада мәжіліс Төрағасының орынбасары сайланды, сонымен қатар Қостанай қаласының әкімі мен Италия Республикасындағы жаңа Төтенше және Өкілетті елші тағайындалды.

Сонымен, өтіп бара жатқан бұл аптада парламент мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары мәжіліс төрағасының орынбасары етіп депутат Абай Тасболатовты сайлады.

Конституцияға сәйкес, мәжіліс төрағасының орынбасарын палата төрағасы ұсынады. Осыған орай, спикер Қабиболла Жақыпов өзінің орынбасары ретінде Абай Бөлекбайұлы Тасболатовтың кандидатурасын ұсынған болатын. Бұған палата депутаттары бір ауыздан қолдап, дауыс берді.

Ол 1951 жылғы 21 қыркүйекте Солтүстік-Қазақстан облысы Ленин ауданының Николаевка селосында туған. Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, М.В. Фрунзе атындағы Әскери академиясын, Ресей Федерациясының Бас штабы Әскери академиясының Жоғары академиялық курсын бітірген. Әскери атағы - генерал-лейтенант. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі.

Бұдан бөлек, аптаның ортасында Қостанай әкімдігінде қалалық мәслихат депутаттары облыстық орталықтың жаңа әкімінің кандидатурасын мақұлдады. Қала басшысы Базыл Жақыпов болды.

Жақыпов жаңа тағайындауға дейін облыс әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары болып жұмыс істеді.

Мұнымен қоса, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Сергей Нұртайұлы Нұртаев Қазақстанның Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. Ол Қазақстанның Грек Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен босатылды.

Атап айтқанда, бұл аптаның басында ҚТЖ басқармасының құрамы өзгергендігі белгілі болды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директорының төрағалығымен «Қазақстан темір жолы»  ұлттық компаниясы Директорлар кеңесінің отырысы барысында қаржы-экономикалық, ұйымдастыру, кадрлық мәселелер қаралды.

Отырыс нәтижесі бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма мүшелері Шолпан Омарбекова мен Нұрдәулет Қилыбайдың  өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімі қабылданды. Сондай-ақ отырыс аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқармасының мүшелері болып Мақсат Қабашев пен Ақболат Жағыпаров сайланды. Корпоративтік хатшы болып бұрын осы орында болған Еркін Қарымсақов тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/903059-qostanay-qalasynynh-akimi-men-elimizd.html