RU

ОҚО-дағы мүгедек балаларға арналған балабақшада 6 жасар қыз бала зорланды

Сарыағаштағы мүгедек балаларға арналған балабақшада алты жастағы қыз бала зорланды. Бұл туралы жәбір көрген кішкентай Айнагүлдің туыстары NUR.KZ порталына хабарлады.

Тілә Қосаеваның сөзінше, оқиға ағымдағы жылдың төртінші маусымында болған.

Туа бітті сөйлеу, есту қабілетінен айырылған және жүрегінде ақауы бар Айнагүл екі жыл бойы Сарыағаштағы мүгедек балаларға арналған балабақшаға барып жүріпті. Ол жерде бүлдіршіндер дүйсенбі мен жұма күндерінің аралығында жатып, тәрбиемен қатар, дертіне сай ем қабылдайды екен.

Төртінші маусым күні "Нұржаусын" бөбекжай қызметкерлері Айнагүлдің анасы Гауһардан балабақшаға келіп, қызының науқастанып қалуына орай алып кетуін сұрайды.

Дереу жеткен ата-анаға балабақша қызметкерлері алты жасар Айнагүлдің "етеккірі келіп жатыр" деп түсіндірген. Баласының бесіктен белі шықпағанын айтқан Гауһардың қан-қысымы көтеріліп, шырқырап жылаған баласын жетектеп, үйіне келеді.

Осылайша отбасына оралған соң Айнагүлдің киімдерін ауыстырғанда, екі жамбасының көгергенін, тіпті астыңғы мүшесінен сорғалап қан кетіп жатқанын көріп, балабақшаға қайта хабарласады.

Алайда бөбекжай мамандары небәрі 20 минут өткеннен кейін басқаша сөйлеп, "баланы аман-сау бергенбіз, қан, ештеңе болған емес, өздерің жасадыңдар" деп мойындамаған.

Ашынған ата-ана түнделетіп, облыстық ауруханадан сараптама жасатады. Баланың мүшкіл халін көрген дәрігерлер арнайы тексеруден соң "Айнагүлдің жыныстық мүшесі жыртылған және жамбас еттері ауыр соққы салдарынан көгерген" деген қорытынды шығарады.

Осылайша алғашында балада зорлық белгісін тапқан дәрігерлердің сараптамасы бойынша полицейлер бөбекжайда тергеу жүргізеді. Яғни кішкене Айнагүлді шақыртып, зорлық-зомбылық жасаған ер азаматты көрсетуді сұрайды.

Осы кезде балақай балабақшада жұмыс жасайтын үш ер кісінің бірі, массажист Сұлтан есімді ер азаматты көрсетіп, шырылдап жылаған. Алайда содан бері үш ай өтсе де тәртіп сақшылары педофилдің құрбаны болған балаға қатысты қылмыстық істі әлі қозғамаған.

Оған себеп "тергеушілер істі бұрмалап, Айнагүл өзі құлап, жарақаттанды деп өзгертуде" дейді Тілә Қосаева. Әділдік іздеген ата-ана мүгедек баланы қорлағандар жазадан құтылып кете ме деп қорқып отыр. Тіпті құқықтары жерге тапталғанға шыдай алмаған Айнагүлдің анасы екі күннің бірінде қан қысымы жоғарылап, төсек тартып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/903354-oqo-daghy-mugedek-balalargha-arnalghan-b.html