RU

Қазақстанда лаңкестер арасындағы ең танымал әлеуметтік желі анықталды

Қазақстанда заңсыз контент негізінен Facebook және Youtube желілері арқылы тарайды.

Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада лаңкестікке қарсы іс-қимылдарды дамыту бойынша өткен xалықаралық конференцияда  Инвестиция және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің ақпараттық кеңістікті бақылау басқармасының басшысы Михаил Комиссаров мәлім етті.

«Бүгінгі таңда сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда танымал әлеуметтік желілердің көш басында ресейлік ВКонтакте желісі тұр. Одан кейін танымалдылығы жағынан Фейсбук, Твиттер әлеуметтік желілері келе жатыр. Заңсыз контенттің анықталуы бойынша қарайтын болсақ, бірінші орында Facebook, бейнеxостингтерде Youtube желісі тұр. Себебі, онда кез келген адам, өзі қалаған материалды жариялай алады, сондықтан да болар, ең көп заңсыз материалдар осы жерлерден табылып жатады»,-дейді ол.

Комиссаровтың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта әлеуметтік желілермен байланыс орнатылған және негізінен олар қазақстандық құқыққорғаушыдардың өтініштеріне оң шешім шығаратын көрінеді.

«Осындай материал анықталып жатқанда, әлеуметтік желілерді дереу xабарландырамыз. Көбінесе әлеуметтік желілердің басшылығы бізге құлақ асады және мәселені сотқа жеткізбей, оң шешеді», - деп сөзін түйіндеді Комиссаров.

Басқарма басшысының айтуынша, мұндай шектеулер негізінен қаупті материалдардан қалың көпшіліктің санасын ада ұстау үшін қажет.

«Әрине, егер адам іздесе, оны міндетті түрде табады. Интернеттің ерекшелігін ескере отырып, 100% заңсыз контентті жойып отыру және алдын алу мүмкін емес нәрсе. Біздің жұмысымыз жалпылама болдырмаудың амалы», - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/904258-qazaqstanda-lanhkester-arasyndaghy-enh.html