RU

Қазақстандық қажылар Мина жазығындағы қайғылы оқиға туралы айтып берді

Алматының халықаралық әуежайында  "Жидда – Алматы" рейсімен келген қазақстандық қажыларды туыстары мен БАҚ өкілдері күтіп алды.

Осы рейспен келушілер қатарында Асыл арна телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков те бар деп хабарлайды Today.kz.

"Биылғы қажылық ерекше болды, бұрындары да барып жүрген жағдайым бар. Біріншіден, тарихта алғаш рет тікелей рейс ашылып, қажыларға шаршамай барып, емін-еркін құлшылығын жасауға көп септігін тигізді. Екінші мәселе - биылғы қажылық Арабиядағы ең ыстық мезгілге тура келді. Алайда Сауд Арабиясы ыстығы қатты адамды қатты терлетіп, шөлдеткенімен, денсаулыққа қатты зиян келтіре қоймайды. Үшіншіден, әлемдік дағдарыс бар, отбасылық жағдайлары бар, жалпы айтқанда еліміз бейбіт өмір сүріп, жағдайы тұрақты болғандықтан қазақстандық қажылардың жүзі жайдары болып жүрді. Ал басқа елден келген мұсылман бауырлардың жүзінен өз елінде болып жатқан кереғар жағдайларға байланысты мұң көрінеді", - дейді Мұхамеджан Тазабек.

"Мина жазығында болған оқиғаны қазақстандық қажылардан ешкім көре қойған жоқ, алайда қазақстандықтар жатқан қонақ үйдің қасындағы ауруханаға келіп кетіп жатқан жедел жәрдем көліктерінің сиреналары естіліп, ауруханаға кіргізіп жатқан жапа шеккен адамдарды көрдік. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Мұны сан-саққа жүгіртіп, саяси астар іздеп, түбінде қажылыққа баруға болмайды деп те жатқандар бар. Бұл әрине, олай емес. Алланың қалауымен кейде бейбіт замандада адамдар әр түрлі жағдайларға ұшырап жатады. Өзіңіз ойлап қараңыз, үш жүз мыңдай босқын барған кезде, дамыған Еуропаның өзі сасқалақтап қалды. Ал Араб елі 3-4 миллиондай адамды күтіп алып, шығарып салып жатыр. Ол жерде күтіп алып жатқан көптеген нәтижелі жұмыстар көзге көрінбей жатыр. Кейде Алланың қалауымен осындай жағдайлар болып жатады, бірақ ол үшін қажылықты жек көріп, Мекке, Мединадан бас тартуға болмайды. Себебі, адамның жаны шығатын болса, оған нақты бір себептің де керегі жоқ", - дейді тілшіге берген сұхбатында Мұхамеджан қажы.

Қажылықта парызын өтеушілер арасында Жәкен апада бар. Кейуана 75 ке толған шағында қажылыққа бала-шағасымен барған. Парызын өтеп, елге аман оралғаны үшін Аллаға шүкіршілік етеді жәнеде қажылықты жеңіл өтуіне ықпал жасаған елбасына мың алғысын айтуда.

"Әрине ауа райы ыстық болды, шекарадан өту, тексерулер көп болды, бірақ та соның бәріне шыдас беріп Аллаға шүкір міндетімізді атқардық", - дейді Жәкен апа

"Мина жазығында, шайтанға тас лақтыру кезінде болған оқыс оқиға кезінде, біз лагерьде едік. Бәрі де бірқалыпты, тыныш болды. Әрине, бір мезетте мұншама адам келгенде, ұйымдастыру жұмыстары қиынға соғады. Сонда да Сауд Арабиялықтардың қызметі, ұйымдастыруы, барлығына жағдай жасап беруі өте жоғары деңгейде болды. Менің ойымша қажылыққа барарда моральдық және физикалық тұрғыдан дайын болу қажет. Себебі, күн қатты ыстық кезде ұзақ жүруден шаршайтын кездер де  болды. Сондықтан турагенттіктерге адамның қажылыққа қаншалықты  дайын екендігін анықтап барып жіберуін және егде жастағы кісілердің  қасында бір туысы болуын қадағалауды ұсынар ем", - дейді Бақыт Ахмет.

Қажылыққа бірінші рет барған Әлібек Назарбек атамыз бен апамыз Сауд Арабия халқының ұйымдастыруына, күтіп алуына ризамыз дейді. Егде жастағы кісілер қажылық парызын жеңіл атқарып шыққандығын да айта кетті.

"Меккеден Жидда қаласына жету ұзаққа созылды, себебі қайтушылардың көптігінен екі қаланың ортасында жол кептелісі ұзағынан болды", - дейді егде жастағы қажылар.

Естеріңізге сала кетейік, биыл  4600-ге жуық қазақстандықтар Мекке қаласына аттанған болатын. Мина жазығында болған қайғылы оқиғадан көз жұмып, жарақат алғандар қатарында қазақстандықтар жоқ.

Биылғы қажылықта егде жастағы кейуана денсаулығы нашарлап, жергілікті ауруханаға түскен, артынша сол жерде бақилық болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/905160-qazaqstandyq-qazhylar-mina-zhazyghynda.html