RU

Алматыда кәсіпкер кәуап пісіру үшін алма бағындағы ағаштарды отап тастаған

Алматыдағы Кеңсай зиратының жоғары жағында орналасқан алма бағындағы ағаштарды аяусыз түбінен кесіп тастаған. Жергілікті жұрт табиғатты қоруға қанша тырысқанымен, одан түк нәтиже шықпапты.

Ағайынның айтуларынша, алма бақтағы ағаштарды сол маңдағы кафе қызметкерлері кесіп, кәуап пісіруге қолданады екен. Ол аз десеңіз, оттан кейінгі күлді де сол жерге төге салатын көрінеді. ғындарды тыңдап қайтты...

Кезінде  жайқалған алма бағы қалалықтардың сүйікті демалыс орыны болған еді. Қазір бұл жер адам танымастай өзгерген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кей пысықайлар үлкен ағаштарды аяусыз кесіп, кәуап дайындауға алып кетеді екен. Ал, қалған майда бұтақтарын табан астында шашып кете береді.

Шағым айтып хабарласқан Медеу ауданының тұрғындары өздерін көрсетпеуді сұрады. Ағаш отаушылар адам ұруға шебер көрінеді. Тұрғындардың сөзінше, бұрын бұл бақ жайқалып тұрған әрі онда емін-еркін демалуға рұқсат етілген екен. Алайда соңғы 1 жарым жылда бұл жерді Шоқай көшесінен кафе ашқандар жалға алып, ойына келгенін істеп жүр дейді.

«Осы жақта бір жарым жыл бұрын кәуапхана пайда болғалы біз алма бақтағы ағаштардың оталып жатқанына куәміз. Үнемі баққа қарай бір-ақ көліктің кіріп, іштен кесілген ағаштарға толтырып келетінін көреміз. Ол ағаштарды жағып, кәуап пісіреді»,- деді тұрғын Евгений.

Алма бақтан ағаш тасып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің кафесі бақтан сәл төмен Шоқай көшесінде орналасқан. Тұрғындар ала жаздай бұл кафенің маңынан шу кетпейтініне шағымданды. Бұзақылар төбелесіп, маңайдағылардың тынышын қашырады екен.

Халық зират маңында мұндай қоғамдық орынның болғанына түбегейлі қарсы. Біз де кафе қожайынының ағаштарды не себептен кесіп жүргенін білмекке бардық. Әуелде «бақтың 42 гектарын сатып алғам, не істесем де өзім білем, құжаттарым бар» деп байбалам салған кафе қожайыны кейін қоқан-лоқы көрсетті.

Алма бақтың өз меншігіне тиесілі екенін дәлелдейтін қолындағы құжатын көрсете алмады бұл азамат. Мангалды тура жол үстіне қойып, айналаны көк түтін қылып отырғандықтан, табиғатты қорғау полициясы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды оған.

«Тексеріп келгенде ол рас болып шықты. Сол жердегі алма, алмұрт ағаштарын кесіп, осы кәуап пісіруге қолданады екен. Ал, енді кәуап пісіргенге табиғатты қорғау полициясының қызметкері құжаттарын сұрағанда ешқандай құжат жоқ болып шықты»,- деді Алматы қаласы Қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Алмасбек Сәттібаев.

Алматы қаласында жыл басынан бері жасыл желекті отағандарға 117 хаттама толтырылып, 5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Ал, алма бақтағы ағаштарды отағандардың кінәсі анықталса, олар да қатаң жазадан құтылмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/905452-almatyda-kasipker-kauap-pisiru-ushin.html