RU

ОАР астанасында 500 тұтқын түрмеден қашып кетті

Орталық Африка республикасының астанасы Банги қаласында дүйсенбіде 500-ден астам тұтқын абақтыдан қашып кетті деп хабарлайды Associated Press.

Қашып кеткендер арасында – 60-ы аса қауіпті қылмыскер саналады, олар негізінен бір-бірімен жауласып жүрген мұсылмандардың «Селека» тобы мен христиандық «Анти-балака» содырлары.

Елдегі тәртіпсіздіктер ОАР президенті Катрин Самба-Панса Нью-Йоркке БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясына кетісімен басталған болатын.

Қақтығыстың ушығуына мешіт маңында денесі табылған мұсылман ер адамның өлімі себеп болды. Мұсылман содырлары христиандар тұратын ауданға шабуыл жасап, салдарынан бірнеше ондаған адам ажал құшты деп жазады Lenta.ru.

Дүйсенбі күні президент сарайына бет алған бір топ адам Банги орталығына жиналды. Алайда кенеттен атыс болып, кем дегенде алты адам мерт болды. Наразылық білдірушілер бұл оқиғаға шеруді таратпақ болған бітімгерлерді кінәлап отыр.

Соңғы күндері қақтығыстан 42 адам көз жұмған.

2012-2014 жылдары ОАР-да «Селека» мен «Анти-балака» арасында қақтығыс болған еді. Қос тарап 2014 жылдың шілдесі мен 2015 жылдың мамырында бейбіт келісімге қол қойды, ал оны қолдау үшін елге БҰҰ бітімгерлік миссиясы жөнелтілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/905479-oar-astanasynda-500-tutqyn-turmeden-qashy.html