RU

Қазақстанда жүрек ауруы өлімге душар ететін қауіпті дерттердің көшін бастады

29 қыркүйек – бүкіләлемдік жүрек күні. Мамандардың дерегінше, елімізде жүрек және қан тамыры аурулары өлімге душар ететін дерттердің тізімін бастап тұр.

Қазақстандық дәрігерлердің айтуынша, елде жүрек және қан тамырлары аурулары өлімге душар ететін қауіпті дерттердің тізімін бастап тұр.

Кардиохирург Қуат Ошақбаев «біздегі халықтың тамақтану тәртібі дұрыс емес, жұрттың көбі жүрек және қан тамыры ауруларынан сақтану жолдарын біле бермейді» дейді.

"Жүрек – ағзаның моторы. Егер салмақ артық болса, жүрекке көп күш түседі. Салмақ көптігі, тамақты мөлшерден көп жеу, майлы тамақ жеу жүрекке өте ауыр. Тамақтану режимін дұрыс жолға қойған жөн. Шылым шегу де жүрек пен қан тамырларының бітелуіне әкеледі. Сондықтан көбіне спортпен шұғылданып, таза ауада көп жүргені дұрыс", – дейді кардиохирург.

Дәрігер қазір жүрек ауруымен туатын сәбилердің де саны артып келе жатқанына алаңдайды. Оның дерегінше, Қазақстанда жылына 3 мыңға жуық баланың жүрегіне ота жасалатынын айтады.

"Әйел адам жүкті кезде артық салмақпен жүрсе, іштегі балаға қиын. Себебі жүрек – ерте жаралатын органдардың бірі. Құрсақта қысылған баланың демалуы қиындайды. Сондықтан жас аналар аяғы ауыр кезде салмағын қадағалауы керек", – дейді Қуат Ошақбаев.

Кардиохирург Нышанбай Базантаев жүрек ауруына душар болатын адамдардың қатары жыл сайын жасарып бара жатқанын айтады.

"Бұрын тек 40-50 жастан асқан адамдар ғана жүрек дертіне жолықса, қазір жастар да жүрек ауруына көп шалдығады. Жұрт жүректеріне ультрадыбыстық тексеру жасата бермейді. Жастар арасында темекі шегетіндер де көбейді", – дейді дәрігер.

Жүрек ауруының бір себебі ретінде аса құнарлы тағамдарды көп жеуді де айтқан Нышанбай Базантаев «оның орнына жеміс, көкөніс, күріш жеген жөн» деген кеңес береді.

"Егер ет және сүт сияқты құнарлы тағам жесе, оны тез сіңіру үшін дене еңбегімен айналысу керек. Адам стресті және депрессиялы жағдайлардан қашып, жүрекке салмақ салмағаны абзал", – дейді дәрігер.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 1 миллион 500 мыңға жуық адам жүрек және қан тамыры ауруы диагнозымен тіркеуде тұр.

Елде 2007 жылы 100 мың адамға шаққанда 530 адам жүрек және қан тамыры ауруларынан көз жұмса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 218 адамды құраған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2012 жылы жүрек және қан тамырлары ауруынан 17,5 миллион адам қаза тапқан. Мұндай аурулардың өлімге көп себеп болатын дерт екенін хабарлаған ұйым «бұл аурулар көбіне өмір сүру деңгейі орта және төмен елдерде көп» дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/906073-qazaqstanda-zhurek-auruy-olimge-dushar.html