RU

Маңғыстау облысында отбасы жеті баласымен адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр (видео)

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының тұрғыны күйеуімен бірге Құрбан-айтта жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тасып жүріп, Тұрдымұратовтардың отбасына кезікті. Жеті баласымен 50 мың теңгеге күнелткен отбасы аянышты күйге жеткен.

Бұл туралы "Ладаға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

"Бұл отбасына қараудың өзі ауыр. Көзіңе еріксіз жас келеді. Мұндай жағдайды көруді күтпеп едім. Бұл адам төзгісіз жағдай. Балалар темір төсектерде жатыр, пәтерде жейтін түк жоқ", - дейді Жаңаөзен тұрғыны Алмагүл (есімі өзгертілген).

Көпбалалы отбасында 7 баладан бөлек күйеуінің ата-аналары да тұрады. Ең үлкен бала 16-да, ал кішісіне 3 ай енді толған. Екеуі оқушы. Қыздардың бірі Әсия - мүгедек. Ол 9 жаста болғанына қарамастан, мектепке бармайды. Кезінде ақыл-есі дамымай қалғандарға арналған мектепте білім алған.

Тұрдымұратовтар отбасы 2004 жылы Қарақалпақстаннан Жаңаөзен қаласындағы Ақсу ықшамауданына көшіп келеді.

Жаңаөзен ІІБ-нің бас инспекторы Мұрат Ағысбаевтың айтуынша, ата-аналары еш жерде тұрақты жұмыс істемейді. Әкесі аздап қаражат тауып отырғанымен, анасы балаларының қасында отыруға мәжбүр.

Полицей олардың жағдайы төмен отбасы ретінде тіркеуде тұрғанын айтты.

"Отбасының бюджеті орта есеппен 50 мың теңгені құрайды. Пәтер ақысына ай сайын 30 мың теңге кетеді", - дейді Ағысбаев.

Бұған дейін Жаңаөзен қаласының мешіті Тұрдымұратовтар отбасына көмек ретінде 70 мың теңге бөлген екен.

Тұрғындар отбасына көмек беріп, тамақ, киім-кешек, қажетті жабдықтар әкеліп тұрады. Кейбірі пәтеріне жөндеу жұмыстарын жасап беруге уәде берген.

"Отағасына жұмыс тауып, үш айлық баласын медициналық тексеруден өткізуге қаражат тауып беру қалды", - дейді Мұрат Ағысбаев.

Полицей балалардың әкесіне жағдай жақсармайтын болса, кішкентай балаларын тәрбиелеу құқығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/906111-manhghystau-oblysynda-zheti-balasy-bar-o.html